Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, жасанды интеллект технологияларын енгізу орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бұл бастама адами капиталды дамытуға, заманауи әрі инновациялық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

2026–2029 жылдарға арналған Кешенді іс-шаралар жоспары аясында:

мектептердің цифрлық инфрақұрылымы жетілдіріледі;

оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімделген оқыту тетіктері енгізіледі;

педагог кадрлардың цифрлық құзыреттері дамытылады;

дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Жарлықта шағын жинақты ауыл мектептерін қолдауға ерекше назар аударылған. Пилоттық жоба шеңберінде еліміздегі 2600-ден астам шағын жинақты мектептің шамамен 500-ін заманауи техникалық құралдармен және сапалы цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандарттары әзірленеді. Олар:

білім беру контентін әзірлеу;

оқу нәтижелерін бағалау;

академиялық адалдықты сақтау;

жасанды интеллект құралдарын қауіпсіз пайдалану бағыттарын қамтиды.

Жасанды интеллект педагогті алмастыру құралы емес. Ол мұғалімнің кәсіби қызметін қолдап, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аталған Жарлықты іске асыру цифрлық экономика талаптарына сай, бәсекеге қабілетті жаңа буынды қалыптастыруға және еліміздің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді