Кимберли процесінің сертификаттау жүйесінің (КПСЖ) VI бөлімінің 20-тармағына және 2019 жылғы Әкімшілік шешімге сәйкес, Кимберли процесінің мониторинг жөніндегі жұмыс тобының өкілдерінің (Гана, Конго, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы) қатысуымен сараптамалық бағалау жүйесі аясында 2025 жылғы 24–25 сәуірде Алматы қаласында Кимберли процесінің шолу сапары өтті.
Сапардың мақсаты – қатысушыларды Қазақстан Республикасының аумағындағы өңделмеген табиғи алмаздардың айналымына мемлекеттік бақылау жүргізу бойынша қолданыстағы үдерістермен, тетіктермен және рәсімдермен таныстыру болды.
Алматы қаласы шолу сапарын өткізу орны ретінде таңдалды, себебі мұнда мамандандырылған «Жетісу» кеден бекеті (Алматы қаласының әуежайы) және сараптау мекемелері: «НацЭкС» АҚ филиалы – Пробирка палатасы және «Бағалы металдар мен асыл тастардың тәуелсіз сараптамасы орталығы» ЖШС (Сынақ зертханасы) орналасқан.
Кимберли процесі — қақтығыс аймақтарынан алынған алмаздардың заңды әлемдік саудаға енуінің алдын алуға бағытталған үкіметаралық бастама. Кимберли процесі аясында өңделмеген алмаздармен халықаралық сауданы реттейтін негізгі құжат — 2002 жылғы қарашада Швейцарияның Интерлакен қаласында өткен министрлік кездесу барысында қабылданған Кимберли процесінің сертификаттау жүйесі болып табылады.