“JeRoom” ЖШС: зергерлік өндірісті дамыту

“JeRoom” ЖШС: зергерлік өндірісті дамыту

“JeRoom” ЖШС – зергерлік бұйымдар өндірісімен айналысатын шағын кәсіпорын, Астана қаласында орналасқан және қазіргі уақытта 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның негізгі қызметі – сақиналар, білезіктер, кулондар, сырғалар, пирсингтер мен түйреуіштерді қоса алғанда, зергерлік бұйымдардың кең ассортиментін өндіру. 2023 жылы “JeRoom” 25 кг зергерлік бұйым шығарса, 2024 жылдың алғашқы сегіз айында 16 кг өнім өндірілді.

“JeRoom” өз өнімдерін Қазақстанның ішкі нарығына және шетелге, соның ішінде Германия, Канада, Балтық елдері және Ұлыбританияға экспорттап, сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Компания зергерлік бұйымдар өндірісінде өзінің ерекше қолтаңбасын қалыптастырып, заманауи дизайн мен сапа стандарттарына сай жұмыс істейді. Бүгінгі күні “JeRoom” өз нарығын кеңейтіп, өндіріс технологияларын жетілдіруді және алдағы уақытта зергерлік бұйымдардың халықаралық нарығындағы өз позицияларын нығайтуды көздейді.

Жақында кәсіпорынды Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігінің Индустрия комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмагамбетов арнайы барып көріп, өндірістік процестермен танысты. Ол сапары барысында кәсіпорынның қазіргі даму деңгейін жоғары бағалап, алдағы жоспарларына қолдау білдірді. “JeRoom” компаниясының әрі қарай дамуында мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқаратын болады, ал кәсіпорын өз кезегінде жаңа технологияларды енгізу арқылы өндіріс сапасын одан әрі жақсартуды мақсат етіп отыр.

Компания басшылығы өз өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беріп, ең талғампаз клиенттердің үміттерін қанағаттандыру үшін жұмыс істейді. “JeRoom” ЖШС зергерлік бұйымдарын өндірудегі инновациялық тәсілдері мен халықаралық нарықтағы серіктестігі арқылы Қазақстанның зергерлік саласындағы орнын нығайтуға ұмтылып келеді.