Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетіне қарасты «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалы «Қазмеханобр» мемлекеттік өнеркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігінің (бұдан әрі – Қазмеханобр) ғалымдары «Кварцитовые горки» кен орнын өңдеудің тиімді технологиялық жүйесін әзірледі.
Флотация процесі берік кендерді байыту үшінтиімді қолданылады. Алтынның флотациялануына әртүрлі факторлар – оның мөлшері, пішіні, химиялық тазалығы, қоспалардың қосындысы, беткі қабықшалардың құрамы және кеннің құрамы әсер етеді. Қазмеханобр ғалымдары барлық аталған факторларды ескеріп «Кварцитовые горки» кен орны кені үшін флотация процесінің оңтайлы параметрлерін анықтады, бұл туралы «Ғылым мен технологияның интеграциясы: тұрақты даму жолы» атты Satbayev халықаралық конференциясыныңқатысушыларымен бөлісті. Жас ғалым, Қазмеханобрдың жас ғалымдары мен мамандары кеңесінің төрағасы, PhD докторанты Ерназар Қаналы алтынқұрамды кенді өңдеу жүйесін әзірлеу және жүргізілген зерттеулердің қыр-сыры туралы айтып берді. Тыңдаушылар концентратқа 81,0% алтын мен 65,9% күмісті алудың жоғары көрсеткіштерін атап өтті.
Әзірленген тиімді технология «Кварцитовые горки» кен орнының алтынқұрамды сульфидті кендерін өңдеудің технологиялық регламентінің негізі болып табылады. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған Ақсу байыту фабрикасында кен ойдағыдай өңделуде.