Қазір Қазақстанда 300.000 астам адам жайлы жағдайда өмір сүреді және жұмыс істейді

Қазір Қазақстанда 300.000 астам адам жайлы жағдайда өмір сүреді және жұмыс істейді

 

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) тоғыз жылдық жобаның нәтижелерін ұсынды, оның шеңберінде шағын және орта бизнестің 50 пилоттық жобасы қаржылық қолдау алды. Бұл оларға бүкіл Қазақстан бойынша 300.000 астам адамдар үшін жайлы жағдайлар жасауға әрі экономикалық пайда алуға, сондай-ақ анағұрлым экологиялық жауапты болуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындар энергия тиімділігін жақсарту үшін белсенді жұмыс істеуде, бірақ энергияны түпкілікті тұтынудың негізгі өсуі көлікке, тұрғын үй-коммуналдық секторға және қызмет көрсету саласына тиесілі. Тұрғын үй-коммуналдық сектор Қазақстан Республикасы экономикасының энергияны неғұрлым көп қажет ететін салаларының қатарына жатады, оның үлесіне 34 пайыз тиесілі. БҰҰДБ деректері бойынша, осы сектордағы энергия тиімділігін арттыру үшін инвестицияларға қажеттілік 2.7 миллиард АҚШ долларын, ал көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту үшін – 5–10 миллиард АҚШ долларын құрайды, оның ішінде 300.000 астамының 60.000 жуығы. көп пәтерлі үйлер энергия тиімділігін арттыруды талап етеді.

 

2015 жылдан 2024 жылға дейін БҰҰДБ Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен серіктестікте және Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде энергия тиімділігі саласындағы жобаны іске асырды.

Қаржылық қолдау тетіктері мен құралдарын құру жобаның маңызды бөлігі болды. Әзірленген қаржы құралдарының бірі – шағын және орта бизнеске арналған несиенің негізгі қарызының бір бөлігін өтеу үшін субсидиялау тетігі. Екіншісі – әртүрлі көздерден, соның ішінде пәтер иелерінен қаражат тартуға негізделген тұрғын үйді жаңғырту үшін бірлесіп қаржыландыру тетігі. Астана және Теміртау қалаларында сынақтан өткен соң, бизнес инвестицияларын тартуға мүмкіндік берді және энергосервистік келісімшарттар арқылы коммуналдық төлемдерді үнемдеу есебінен пәтер иелеріне қаражатты қайтаруға кепілдік берді.

Бұл жоба заңнаманы жақсартуға бағытталып, Қазақстанның энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу саласындағы «жасыл» қаржыландыру нарығын құруға ықпал етті. Жоба шеңберінде әзірленген қаржы құралдары кең таратылып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы инвестициялар тартуға қолданылды. БҰҰДБ қаржылық қолдау құралдарының арқасында 50 «жасыл» жобаны іске асыру үшін 15 миллион доллар сомасына жеке инвестициялар тартылды. Ал «жасыл» бастамаларды қолдаудың жиынтық көлемінде бүгінгі таңда Қор жалпы сомасы 190 миллиард теңгеден асатын 130-ға жуық «жасыл» жобаларға көмек көрсетті.

«Жоба бірлескен күш-жігердің арқасында болуы мүмкін елеулі өзгерістердің айқын дәлелі болып табылады. БҰҰДБ Қазақстандағы орнықты және төмен көміртекті болашақтың негізін қалауға көмектесетін инновацияларды одан әрі енгізуге дайын. Біздің ұлттық және халықаралық әріптестеріміздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығы мен құнды қолдауы негізінде құрылған саяси ерік-жігер өршіл идеяларды баршаға орнықты даму жолындағы нақты іс-қимылдарға айналдыруға мүмкіндік берді», –
деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Жоба нәтижелері энергия тиімділігін арттыру технологияларын енгізу энергияны тұтынуды едәуір азайтып, парниктік газдар шығарындыларын қысқартуы мүмкін екендігін көрсетеді. Осындай технологияларға мыналар жатады: көше және ішкі жарықтандыру жүйелерін жақсарту, автоматтандырылған жылу пункттерін қолдана отырып, қазандықтар мен жылыту жүйелерін жаңғырту, ғимараттарды оқшаулау, желдету жүйелерін жаңарту, сондай-ақ күн панельдерін, коллекторларды, жылу сорғылары мен биомассадағы қазандықтарды орнату. Бұл технологиялар өзінің қарапайымдылығы мен іске асырылу жылдамдығының арқасында әртүрлі секторларда, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сауда, жинап қою, көлік және ауыл шаруашылығында белсенді қолданылады.


 
«Пилоттық жобалардың нәтижелері тиімділікті көрсетті, яғни энергия тиімді технологияларды енгізу жылуды 20 пайызға дейін, ал ғимараттарды кешенді терможаңғырту кезінде 50 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты біздің министрлік республиканың өңірлерінде қол жеткізілген нәтижелерді кең таратуды жалғастыруға және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі», –
деді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы Сәуле Инаханова.

Осы технологияларды енгізу есебінен іске асырылған 50 жобаның нәтижесінде энергия үнемдеуден парниктік газдар шығарындыларының қысқартылған және алдын алынған жалпы көлемі жобалардың өмірлік циклі үшін 1.108.652 тонна СО2 құрады. Тұтастай алғанда жобаны іске асыру 311.799 адамдар, оның ішінде: 148.928 әйел, 129.953 ер адам және 32.918 бала үшін өмір сүру сапасын жақсартуға, саламатты және орнықты орта құруға ықпал етті.

Айта кететін жайт, энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеу бойынша осындай шешімдерді БҰҰДБ Босния және Герцеговина, Молдова, Өзбекстан және Украинада жүзеге асыруда.