ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Svevind Energy Group басшысымен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Svevind Energy Group басшысымен кездесті

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Svevind Energy Group бас директоры Вольфганг Кропп мырзамен кездесу өткізді. Кездесу барысында Маңғыстау облысында «жасыл» сутекті өндіру бойынша Hyrasia One жобасын іске асыру мәселелері, сондай-ақ өнеркәсіптік объектілерді салу кезінде оқшаулау үлесін ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды.

Келіссөздер барысында Вольфганг Кропп жобаның оң даму динамикасы туралы, оның ішінде француздық Technip компаниясымен бірлесіп Pre-FEED өткізу аясындағы жұмыс туралы хабарлады.

Сондай-ақ, тараптар жобаны іске асыру кезінде жергілікті өндірістің үлесін арттыру мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан аумағында жел турбиналарын және техникалық жабдықтарын өндіруді ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

«Жобаның ауқымын ескере отырып, біз Қазақстанда жел турбиналары өндірісін оқшаулау идеясын толығымен қолдаймыз. Бұл елдегі осы саланың дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, ЖЭК саласындағы жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ жобаны іске асыру құны мен мерзімдеріне әсер етуі мүмкін. Қазіргі уақытта біз әртүрлі өндіруші компанияларды, олардың технологиялық шешімдері мен шарттарын алдын-ала бағалау сатысында тұрмыз. Осы зерттеулердің нәтижелері бойынша жабдықты жеткізушілерді алдын ала таңдау туралы шешім қабылданады», - деп атап өтті Вольфганг Кропп.

Талқылау шеңберінде болашақ және жұмыс істеп тұрған қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік желілерін декарбонизациялау үшін «жасыл» сутекті пайдалану мәселесі де қозғалды. Svevind Energy Group басшысының айтуынша, компания өз өнімдерін қазақстандық нарыққа жеткізу мәселесін қарастыруда, бұл 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын іске асыруға айтарлықтай ықпал етеді.

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі