ҚР ИИДМ басшысы елордадағы кәсіпорындардың қызметімен танысты

ҚР ИИДМ басшысы елордадағы кәсіпорындардың қызметімен танысты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге бас шаһардағы бірнеше кәсіпорынды аралап, қызметімен танысты.

Мәселен, ведомство басшысы елордадағы респираторлар шығаратын зауытта, модульдік үй құрылысымен айналысатын ModeX өндіріс орнында, сондай-ақ арнайы техниканы шығаратын кәсіпорын мен витраж, терезе өнімдері, медициналық жабдықтар, кеңсе жиһаздары және металл құрылымдарын дайындайтын зауытта болып, өндіріс қарқынын бағамдап қайтты.

Осы орайда «Астана – жаңа қала» АЭА-ның құрамына кіретін өнеркәсіптік жобалар №1 индустриялық паркте орналасқанын айта кету керек. Еске сала кетсек, «Астана – жаңа қала» АЭА 2002 жылы құрылып, Қазақстандағы алғашқы арнайы экономикалық аймақ саналады. Қазір оның аумағында 166 млрд теңге сомасына 50 жоба іске асырылып, 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жалпы құны 63,5 млрд теңге қаражатқа 40-қа жуық жоба іске асыру сатысында тұрғанын атап өткен жөн. Олар таяу 3 жылда жүзеге асуы тиіс.

Бұдан басқа кездесу кезінде жоғарыда аталған жобаларды пайдалануға беру бойынша дайындық мәселелері де қарастырылды.