АЭА-тың басқарушы компанияларына заңнамалық реформа түсіндірілді

АЭА-тың  басқарушы компанияларына заңнамалық реформа түсіндірілді

ҚР ИИДМ-де арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін басқарушы компания өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіліп, оның барысында Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев АЭА қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар туралы, оның ішінде салалық заңға енгізілген түзетулер жөнінде айтып берді.

«2022 жылдың басында Мемлекет басшысы АЭА қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осыған байланысты министрлік бірқатар заңнамалық түзету дайындады. Аталған шаралар барлық мүдделі тараппен келісілген», деді Ш.Сүйінбаев.

Бұл өзгертулерге сәйкес бірінші кезекте жеңілдіктер берудің дифференцияланған тәсілін енгізу көзделіп отыр. Демек АЭА қатысушыларына жеңілдіктер салынған инвестициялар көлеміне байланысты сараланып, ұсынылады. Осы амал республикалық бюджетке құйылатын салық аударымдарын арттыруға септігін тигізеді деп болжануда.

«Тың тетіктер қатарында аралас режім тәсілін енгізу қарастырылған. Яғни, АЭА-тың басым қызмет түрлерімен байланысты жобаларға жеңілдіктер беріледі. Ал басым бағыттағы жобалармен айналыспайтын қатысушыларға индустриялық аймақтарда секілді тек инфрақұрылымы қарастырылған жер ғана ұсынылып, оларға кедендік және салықтық жеңілдіктер берілмейді», деді Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар АЭА қатысушылары барлық инвестициялық міндеттемені орындап, қолға алынған жобаларды іске асырғаннан кейін 3 жыл өткен соң жер учаскесін сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Тиісті өзгеріс қазір енгізіліп жатыр.

Бұдан бөлек аталған реформа өтінімдерді қарау рәсімдерін стандарттау арқылы басым қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мерзімін қысқартуды көздейді. Сондай-ақ АЭА субъектілерін бақылап, жауапкершілігін күшейту жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 30-шы желтоқсанында еліміздің Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған еді. Оның аясында жоғарыда айтылған түзетулерді енгізу қарастырылған.