Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және олардың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады – ҚР ИИДМ

Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және олардың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады – ҚР ИИДМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жағдайы мен оларды одан әрі жетілдіру шаралары талқыланды. Іс-шараға ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов, «Qazindustry» Басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазов, сондай-ақ барлық арнайы экономикалық аймақтың өкілдері қатысты.

Экономикалық аймақтардың жұмыс істеу тиімділігі инфрақұрылымның дайындығына байланысты. Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, инфрақұрылымды жүргізуге 393,5 млрд теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның базалық түрлері жүргізіліп, дайын өндірістік үй-жайлар салынған. Инфрақұрылымды өткізу жұмыстарының аяқталуының орташа көрсеткіші 70%-ды құрайды.

«Инфрақұрылым құрылысының аяқталмау проблемасын шешу үшін АЭА құрамынан инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарды шығаруды ұсынамыз. Бұл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға және объектілерде басталған құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, инвестициялық преференцияларды қолданбай, инвесторлар үшін жер учаскесін беруді көздейтін аралас режимді енгізуді ұсынамыз», – деп атап өтті спикер.

Брифингке қатысқан «Ақтау теңіз порты» АЭА Басқарма төрағасы Асхат Қабашев экономикалық аймақ аумағында 18 жоба іске асырылғанын, 28 жоба іске асырылу сатысында екенін атап өтті.   

«2002 жылы құрылған «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жеке орналасқан 9 субаймақтан тұрады. АЭА аумағының жалпы ауданы 2140 га құрайды, салынған инвестициялар көлемі – 263,5 млрд теңге, оның ішінде шетелдік инвестициялар көлемі – 168,1 млрд теңге», – деді А.Қабашев.

Аталған АЭА қызметінің негізгі бағыттары өңдеу өнеркәсібі, қойма шаруашылығы және логистика, туризмді дамыту болып табылады. Жұмысты одан әрі дамыту үшін өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бойынша жұмыс жоспарланған.

«Оңтүстік» АЭА қызметіне тоқталатын болсақ, экономикалық аймақ қызметінің басым түрлері – жеңіл, химия, мұнай-химия өнеркәсібі және ішінара машина жасау екенін атап өту қажет. Экономикалық аймақ жобаларының пулы 53 жобадан тұрады.

«Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақ базасында жалпы инвестиция сомасы 55,2 млрд теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылып, 446 жұмыс орны ашылды. 2021 жылы өндірілген өнім көлемі 30,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 94,2%-ға артық. Өндірілген өнім экспортының көлемі де 45,1 пайызға өсті», – деді «Оңтүстік» АЭА АҚ Басқарма Төрағасы Ерболат Сариев. Экономикалық аймақ жұмыс істеп тұрған барлық кезеңде кәсіпорындар 62,8 млрд теңгенің өнімін экспорттады. АЭА резиденттері өндіретін тауарлар сұранысқа ие және әлемнің 23 еліне экспортталады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 АЭА жұмыс істейді. Инвестициялық портфелі 21 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы 1,2 трлн теңге сомасына іске асырылған 315-ке жуық жобаны қамтиды. Бұдан басқа, іске асыру кезеңінде 24 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 4,3 трлн теңге сомасына қосымша 256 жоба қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, АЭА қатысушылары үшін арнайы құқықтық режим жұмыс істейді. Атап айтқанда, салық міндеттемелері мен кеден баждарынан босату, кейбір АЭА-да инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген дайын өндірістік алаңдар беру, сондай-ақ квоталар мен шектеулерден тыс шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі. Айта кетерлігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі АЭА-ны дамыту және тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыратын болады.