Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысы басталды.

Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысы басталды.

Бұл - Индустрия 4.0 жаңа өнеркәсіптік құрылымы талаптарына сәйкес салынып жатқан Қазақстандағы алғашқы зауыт. Және экологиялық тұрғыдан таза кәсіпорын болады. "Кальцийлендірілген сода өндірісі" деп аталатын перспективалық инвестициялық жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Зауыт түрік инвесторлары – Yildirim Group компаниясының қатысуымен іске асырылуда.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша "Qazaq Soda" ЖШС зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

"Зауыт іске қосылғанда еліміздің осы өнімге деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, шикізат қауіпсіздігі мен импортты толық алмастырудан бастап, экспортқа бағдарланған заманауи кәсіпорын құруға дейінгі көптеген мәселелерді шешеді. Сонымен қатар, облыста жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түседі", - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.

Жобаның негізгі ерекшеліктері: кальцийлендірілген сода өндірісі кезінде қалдықтарды кәдеге жарату процесін жетілдіруге байланысты бес патент; дистилляциялық шламнан жанама өнімдер өндіру (жылына 500 000 тонна шикі CaCl2 және жылына 100 000 тонна NaCl); кәсіпорынға жақын маңда - Сарысу ауданында жоғары сапалы әктас пен тас тұзының едәуір қорының бар екені.

Өнімнің негізгі тұтынушылары: "Қазақстан алюминийі" АҚ, "Ақтөбе хром қосылыстары зауыты" ЖШС, "Қазфосфат" ЖШС, "Қазмырыш" ЖШС сияқты еліміздің ірі кәсіпорындары.

Анықтама:
"Qazaq Soda" ЖШС фабрикасының өндірістік қуаты – жылына 400 мың тонна кальцийлендірілген сода. Жобан құны - 142,15 млрд теңге. Құрылыс кезеңінде 1500 адам, пайдалану кезеңінде 250 адам жұмыспен қамтылады.
Өнімдер Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан және Тәжікстанға экспортталады. Қазақстандық содаға Грузия мен Қытай да үлкен қызығушылық танытып отыр.

Сондай-ақ, Министр сапары аясында "SCAT" әуе компаниясының президенті Владимир Денисовпен кездесіп, кәсіпорынның жерүсті инфрақұрылымының құрамына кіретін әуе компаниясы мен Тараз қаласының әуежайын дамыту перспективаларын талқылады.
Осы күні Бейбіт Атамқұлов өңірдегі автожол құрылысының барысымен де танысты.