Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан енгізілетін болады

Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау  2021 жылғы 1 қарашадан енгізілетін болады

Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан енгізілетін болады. Яғни осы уақыттан бастап таңбаланбаған аяқ киімнің өндірісіне және оның ҚР аумағына әкелінуіне тыйым салынады. Ал бөлшек сауда бизнесінде таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін 2022 жылдың 1 қарашасына дейін қосымша мерзім бар.

Жаңа ережелер бойынша жұмыс істеу үшін өндірушілер мен импорттаушылар таңбалау жүйесінде (markirovka.kz) тіркелу керек. Таңбалау кодтарын шығару үшін жүйеге өндірілетін және импортталатын өнім туралы ақпаратты енгізу қажет. Осындай бір кодтың құны 2,68 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта аяқ киім тауарларының айналымы 96% - импорт, 4% - ішкі өндіріс болып сипатталады. Аяқ киім ішкі нарығының дамуын көлеңкелі айналым айтарлықтай шектейді.

Цифрлық таңбалауды енгізу - контрафактіден тазартудың ең тиімді жолы болмақ. Ресми мәліметтер бойынша, ол қазір нарықтың 48,5%-ын құрайды, бұл нарықтағы барлық тауарлардың жартысына жуығы. Цифрлық таңбалаудың артықшылығы - бұл аяқ киімнің әр жұбын сәйкестендіруге және оны адам факторының әсерінсіз тауарлық тізбектен қадағалауға мүмкіндік береді.

Тауарға Data Matrix коды бар стикер немесе заттаңба кедендік рәсімдерден өткенге дейін - басқа елдегі өндірісте немесе ҚР аумағындағы кеден қоймасында орнату қажет болады. Data Matrix коды тікелей аяқ киімге, сондай-ақ тауарлық белгіге немесе тұтынушы қаптамасына қолданылуы мүмкін. Жаңа цифрлық белгі сатып алушы үшін өнімнің заңдылығы туралы сигнал болады. Тұтынушы Data Matrix кодын арнайы мобильді қосымшамен сканерлеп, өнім туралы толық ақпарат алып, оның заңдылығын тексере алады.

Импорттаушылар Қазақстан үшін аяқ киімді тікелей өндіруші зауыттарда да таңбалай алады. ҚР-да цифрлық таңбалаудың Бірыңғай операторы еліміз үшін аяқ киім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөздер жүргізді. Олардың көпшілігі бір жарым жылдан бері Ресей нарығына арналған аяқ киімді таңбалап келуде және осындай жаңашылдықтарына дайындығын білдірген.

Тауарды өндірісте таңбалау - ең қолайлы нұсқа, сонымен қатар импорттаушылардың Қазақстанға өнімді әкелу кезінде кедендік қоймада да таңбалау қызметіне тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Кеден қоймалары жаңа талаптарға белсенді дайындалуда. Олардың аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік өндіруші зауыттарда таңбаланбаған тауарға Data Matrix цифрлық коды бар стикерлер немесе этикеткалар қолданылатын болады.

Орташа алғанда, өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалауға байланысты шығыстар бір жұп аяқ киім құнының 0,1% -2,5% - ын құрайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау – бұл ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Аяқ киім саласына ҚР-да міндетті цифрлық таңбалау енгізілген алғашқы салалардың бірі болмақ. Мұндай шешім нарықтағы контрафактілік деңгейін ескере отырып қабылданды. Аяқ киімнің цифрлық таңбалануы нарықты «ағартуға» және оны контрафактіден тазартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік бермек. Яғни, Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылар таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.