ҚР ИИДМ басшысы Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрімен кездесу өткізді 2021 жылғы 30 сәуірде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Шерали Кабирдің төрағалығымен онлайн форматта кездесу өтті. Іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Тараптар 2021 жылғы 25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылған өнеркәсіп және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы хаттаманың орындалу барысын талқылады. Хаттама шеңберінде автомобиль жасау және логистика, жеңіл, тау-кен металлургия және мұнай өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру қарастырылған.
Хаттаманың маңызды бағыттарының бірі - қазақстандық өндіріс өнімдерін экспортқа шығару, атап айтқанда түрлі маркалы автомобильдер өндіру және сату мәселесін пысықтау.
Металлургия өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыға түсті. Бұл Тәжікстанға глиноземді жеткізу бойынша қолданыстағы уағдаластықтардың мерзімін ұзарту және қазақстандық бизнестің қатысуымен ферроқорытпаларды өндіру бойынша Тәжікстан зауыттарын қайта құру және қуаттарын жүктеу мүмкіндігі.
Бейбіт Атамқұлов бірлескен хаттаманың барлық тармақтары бойынша оң өзгерістер бар екеніне тоқталды.
Тараптар сұхбат үшін бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.