ҚР ИИДМ экспорттық бақылау жүйесін жетілдіруде

ҚР ИИДМ экспорттық бақылау жүйесін жетілдіруде

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына "Ерекше тауарларды бақылау туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" екі заң жобасын ұсынды.

"Ерекше тауарларды бақылау туралы" заң жобасы - "Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жаңа нұсқасы.

Заң жобалары экспортты, импортты, кері экспортты, транзитті бақылаудың, сондай-ақ ерекше тауарлар саласында қызметтер көрсетудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Заң жобаларының мақсаты - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау.

Заң жобаларында тәуекелдерді бағалау өлшемдерін енгізу, мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылына рұқсат беруді келісу тәртібін өзгерту, жеке және заңды тұлғалардың ерекше тауарларды бақылау саласында қызметтер көрсетуіне бақылауды енгізу қарастырылған.

Сондай-ақ, заң жобалары импортталған ерекше тауарларды мәлімделген мақсаттарына сай пайдалану тұрғысынан пайдалануына тексеріс жүргізу тәртібін белгілейді.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы аумағында импортталған ерекше тауарларды үшінші тұлғаларға беру процесі бақылауға алынады. Осылайша импортталған нақты тауарды басқа тұлғаға беру үшін түпкілікті тұтынушы алдын-ала тиісті рұқсат алуы керек.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен ерекше тауарлардың бақылаусыз өткізілуін болдырмау үшін заң жобалары мемлекеттік шекараның көрсетілген учаскелері арқылы ерекше тауарлардың өткізілу барысына физикалық бақылау жүргізу тәртібін айқындайды.

Отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында әлемдік нарықта "жалпы лицензия" және халықаралық импорттық сертификат енгізіледі. "Жалпы лицензия" Қазақстан Республикасының аумағында бірнеше контрагенттерге және бір лицензия бойынша өзге елдерге атомдық және ядролық бақылауға жататын материалдарды қоспағанда, қосарланған мақсаттағы тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ұсынған заң жобаларын депутаттар бірінші оқылымда қабылдады.