2020 жылы бірнеше АЭА қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді

2020 жылы бірнеше АЭА қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді

Қазақстанда сыртқы экономикалық байланыстарды жандандыру, өңірді жедел дамыту, экономика салаларын қолдау және әлеуметтік мәселелерді шешу, инвестициялар, технологиялар мен қазіргі заманғы менеджмент тарту, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті өндірістер құру мақсатында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мысалы, 2020 жылы бірнеше АЭА қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді.

Өткен жылы "AKTAU RESORT HOTEL" көпфункционалды кешенін салу үшін "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағы 130 гектарға кеңейтілді. Сондай-ақ "Ақтау теңіз порты"АЭА-да демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру жөніндегі қызмет түрлері толықтырылды.

"TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағында келесі қызмет түрлері толықтырылды:

-жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес Түркістан қаласының халықаралық әуежайын, оның ішінде әуеайлақты, аэровокзалды және ұшу-қону жолақтарын салу және пайдалануға беру;

- әуежайларды және әуе қозғалысын басқару; терминалдардың, әуежайлардың қызметі; әуеайлақтарда жерүсті қызмет көрсетумен байланысты қызмет.

Естеріңізге сала кетейік, "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Жобаның мақсаты-Түркістан қаласын жедел дамыту, туристік әлеуетті арттыру және жалпы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптастыру. "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағы 4 субаймақтан тұрады. Жалпы ауданы 3014 га құрайды, оның ішінде 297-тарихи-мәдени орталықтар, 1350-әкімшілік-іскерлік орталықтар, 400-өндірістік, 967-әуежай аумақтары. "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағына келетін әлеуетті инвесторларға қолайлы инвестициялық жағдай жасау мақсатында 2043 жылға дейін кедендік салықтан, корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, қосылған құн салығынан босату және жер учаскесін өтеусіз негізде беру көзделген.

Сондай – ақ, 2020 жылы "Астана-Технополис" АЭА аумағы 21 га-ға және "Qyzyljar" АЭА аумағы 5 га-ға кеңейтілді. Мұнда көпбейінді ауруханалар салу көзделген.

Бұдан бөлек, фармацевтикалық - медициналық кластерді дамыту үшін "Инновациялық технологиялар паркі" АЭА және ӨЖЖ аппараттарын өндіру үшін "Астана – жаңа қала" АЭА қызметінің түрлері кеңейтілді.