Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты іс-шара өтті

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты іс-шара өтті

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Іс-шара барысында вице-министр Рахымжан Исақұлов министрлік қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, мемлекеттік қызметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті.

Вице-министр өз сөзінде мемлекеттік қызметтің жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және мемлекет мүддесіне адал қызмет етуді талап ететін ерекше сала екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларына тоқталды.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұжымы еліміздің индустриялық дамуына, құрылыс саласын жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және экономиканың орнықты өсуіне бағытталған маңызды жұмыстарды жүзеге асырып келеді», – деді Рахымжан Исақұлов.

Салтанатты жиын аясында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті. Мемлекеттік қызметшінің антын Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Қаржы және ведомстволық бағынысты ұйымдармен жұмыс басқармасының сарапшысы Гүлжайна Әуесбек пен Өнеркәсіп комитетінің Қаржы және әкімшілік жұмыс басқармасының сарапшысы Біржан Бюрабеков қабылдады.

Мерекелік іс-шара барысында мемлекеттік қызметті дамытуға және саланың өркендеуіне қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер марапатталды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков және Геология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Ерубаев марапатталды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық төсбелгісі Өнеркәсіп комитетінің Стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды мониторингілеу басқармасының басшысы Ольга Кречетоваға табысталды.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық төсбелгісі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Қаржы және ведомстволық бағынысты ұйымдармен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Зухра Утаеваға берілді.

Сонымен қатар, шара барысында биылғы республикалық референдум нәтижесінде қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституция талаптарын іске асырудағы мемлекеттік қызметшілердің ерекше рөлі атап өтілді.

Соңында министрлік басшылығы мемлекеттік қызметшілерге адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және ел дамуына қосып жүрген үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, отбасылық амандық және қызметтеріне толағай табыс тіледі.