Қазақстан алтын өндіру саласының әлеуетін нығайтып келеді: форумда саланы дамытудың өзекті мәселелері қаралды

Қазақстан алтын өндіру саласының әлеуетін нығайтып келеді: форумда саланы дамытудың өзекті мәселелері қаралды

Astana Mining & Metallurgy 2026 халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында VII Қазақстан алтын өндірушілер форумы өтті. Сала өкілдері, инвесторлар, сарапшылар мен халықаралық серіктестер бас қосқан жиында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев құттықтау сөз сөйледі.

Комитет төрағасы өз сөзінде алтын өндіру өнеркәсібі ел экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды салалардың бірі екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда жалпы қоры 2 369 тоннаны құрайтын 374 алтын кені мемлекеттік есепке алынған. Ал өткен жылы ғана шамамен 98 тонна алтын қоры бар бес жаңа кен орны тіркелді.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемде 14-орында тұр. 2025 жылы елімізде 71,2 тонна тазартылған алтын өндірілсе, бағалы металдар өндірісіне тартылған инвестиция көлемі 99 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 38 пайызға артты.

Форум аясында сала қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өнеркәсіптің дамуына сіңірген еңбегі мен жоғары кәсіби жетістіктері үшін мамандар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Олардың қатарында «Еңбек ардагері» медалі, «Құрметті металлург», «Құрметті кенші» және «Кенші даңқы» II дәрежелі төсбелгілері бар.