
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Олжас Қанай Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар өндірістік жобалардың іске қосылу рәсімдеріне қатысты.
Сапар аясында әлемдік санитарлық-техникалық жабдықтар нарығындағы жетекші компаниялардың бірі – испаниялық «Roca Group» компаниясының зауыт құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Жоба аясында Қызылорда қаласында ванна бөлмесіне арналған бұйымдар мен санитарлық-техникалық өнімдер өндіретін заманауи кәсіпорын бой көтереді.
Зауыт құрылысына 44,1 млрд теңге инвестиция бағытталады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 500 мың дана өнімге дейін жетіп, шамамен 300 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Өнім ішкі нарықпен қатар Орталық Азия елдеріне де экспортталмақ. Жоба «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар Олжас Қанай «Seven Rivers» компаниясының шыны ыдыстар өндіретін зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысты. Жоба Германияның «Horn» компаниясының технологиялары негізінде жүзеге асырылады.
Инвестиция көлемі 60 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 240 миллион дана шыны ыдыс өндіруге мүмкіндік береді. Жоба іске асырылғаннан кейін 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Өндірісте елімізде жиналатын шыны қалдықтарын қайта өңдеу көзделген. Сондай-ақ өңірдегі кварц құмы, әк және доломит қорларын тиімді пайдалану арқылы шыны өнеркәсібіне байланысты жаңа өндірістерді дамытуға жол ашылады.
Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа өндірістерді іске қосуға, импортты алмастыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар тұрақты жұмыс орындарын құруға және құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді.