Астанада Comtrux Astana 2026 және Eurasian Construction Technology Astana 2026 халықаралық көрмелері салтанатты түрде ашылды

Астанада Comtrux Astana 2026 және Eurasian Construction Technology Astana 2026 халықаралық көрмелері салтанатты түрде ашылды

2026 жылғы 5 мамырда Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында Comtrux Astana 2026 және Eurasian Construction Technology Astana 2026 халықаралық салалық көрмелерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

5-7 мамыр аралығында еліміздің бас қаласы көлік, логистика және құрылыс салалары өкілдері бас қосатын маңызды іскерлік алаңға айналды. Көрмеде коммерциялық көлік, арнайы техника, құрылыс және жол жабдықтары, автокомпоненттер, сервистік шешімдер, лизинг құралдары мен бизнеске арналған заманауи технологиялар таныстырылды.

Аталған көрмелерге 147-ден астам компания қатысып, 50-ден астам техника үлгісі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Өзбекстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының ұлттық павильондары таныстырылып, шараның халықаралық деңгейін айқындай түсті.

Ашылу рәсіміне мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Көлік министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Энергетика министрлігінің вице-министрлері де болды.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков көрмелердің сала дамуы үшін стратегиялық маңызына тоқталды.

«Инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және ірі жобаларды жүзеге асыру заманауи техникаға, тиімді логистикаға және орнықты жеткізу қызметтеріне тікелей байланысты. Comtrux Astana мен Eurasian Construction Technology Astana алаңдарында аталған салалардың өкілдері бас қосып, өзара пікір алмасып, ортақ мәселелерді талқылайды. Бұл өз кезегінде ынтымақтастықты кеңейтуге, келісімшарттар жасауға және жаңа нарықтарға жол ашуға мүмкіндік береді», – деді Олжас Сапарбеков.

Сондай-ақ шараға Германия, Португалия, Канада, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Үндістан, Эстония, Түркия, Словакия және  Сербия елдерінің дипломатиялық миссиялары мен экономикалық өкілдіктерінің өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы және салалық қауымдастық жетекшілері қатысты.

Сөз етілген көрмелердің ашылуы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға серпін беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші логистикалық және индустриялық хаб ретіндегі беделін нығайтты.