Қазақстан Германия және Бавариямен индустриялық әріптестікті нығайтуда

Қазақстан Германия және Бавариямен индустриялық әріптестікті нығайтуда

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік министрі Гюнтер Крихбауммен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өнеркәсіптік негіздемелерді дамыту жоспарлары аясында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық әріптестік мәселелері талқыланды. Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі саналатыны, ал бірлескен жобалардың стратегиялық маңызы зор екені атап өтілді.

Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі, сондай-ақ Баварияның Еуропа істері және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік министрі Эрик Байсвенгермен кездесті. Келіссөздер барысында Ерсайын Нағаспаев Германия инвестицияларының маңыздылығын, олардың 90%-ға жуығы еліміздің өңдеу өнеркәсібіне бағытталғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істейді.

«Бавария – индустрия саласының көшбасшысы, сондықтан біз өнеркәсіптік кооперацияны, технологиялар трансферін тереңдетуге және арнайы экономикалық аймақтарымыз негізінде бірлескен “неміс кластерлерін” құруға өте мүдделіміз. Қазақстанда инвесторларға елеулі жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынылатын 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бавария бизнесін осы аймақтардың қызметіне белсенді түрде қатысуға шақырамыз», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бавария федералды жерінің Үкіметі арасында өзара экономикалық, ғылыми және ауыл шаруашылығы бойынша ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобын құруға ниеттестік туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа бірлескен жобаларды жақын арада іске асыруға көшетіндеріне сенім білдірді.

Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында Баварияны қоса алғанда, Германияның жетекші компаниялары белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатарында Siemens, Siemens Energy AG, Siemens Healthcare, Knauf Group, Horsch, Linde Group, Airbus сынды ірі компаниялар бар, олар елдегі қатысуын одан әрі нығайтып келеді.