
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы жылға арналған металлургия секторын дамыту жоспарын жариялады. Саладағы өндіріс көлемі 3% өседі деп күтілуде, ал негізгі драйвер түсті металлургия және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосу болмақ.
2026 жылы түсті металлургиядағы негізгі өсім мыс өндірісі есебінен қамтамасыз етіледі, оның көлемін 502,1 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр (+6,6%). Мыс өндіруде мынадай жаңа жобаларды іске қосу күтілуде: Shagala Mining – 5 мың тонна, BMT Holding Limited – (+6,6 мың тонна), сондай-ақ Kyzyl Aray Copper компаниясы мыс өндірісін қосымша 15 мың тоннаға арттырып, өндіріс қуатын ұлғайтады.
Алюминий саласында бастапқы алюминий өндірісі 2025 жылғы деңгейде сақталып, жылына 263,6 мың тоннаны құрайды.
2026 жылы қара металлургияда ферроқорытпалар (+1,2%), болат (+1,4%), жалпақ прокат өнімі (+10%) және шойын (+1%) өндірісі есебінен өсім жоспарланып отыр.
«2025 жылғы оң нәтижелерді ескере отырып, кен шикізатын барынша терең өңдеу жұмыстары жалғасады. Мыс, мырыш, қорғасын және алтын құрамды концентраттарға басымдық беріледі», – деп атап өтті -неркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, металлургия саласында нормативтік базаны жаңарту және шикізатты ел ішінде терең өңдеуді қолдау жоспарланып отыр.