Өнеркәсіпте ЖИ практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі жол картасы: Қазақстанда қандай технологиялар іске асырылды

Өнеркәсіпте ЖИ практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі жол картасы: Қазақстанда қандай технологиялар іске асырылды

Қазақстанда 2025–2026 жылдарға арналған ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллекттің (ЖИ) практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі Жол картасын іске асыру жалғасып жатыр.

Мәселен, Allur автомобиль зауытында Қауіпсіздік инциденттеріне жедел әрекет ету орталығы бір жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бұл – физикалық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы шешімдерді біріктіретін инновациялық платформа.

Орталық кешенді бақылауды қамтамасыз етеді: физикалық қауіпсіздікті қадағалаудан бастап IT-инфрақұрылымды мониторингтеуге, желідегі аномалияларды жедел анықтауға және техникалық ақауларды жоюға дейін. Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, интеллектуалды бейнеаналитиканың негізгі функциялары енгізілген, соның ішінде:

  • жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) пайдалануын бақылау;
  • түтін мен өртті анықтау;
  • персоналдың құлауын анықтау және тиісті қызметтерге жедел хабар беру.

Биыл бұрын енгізілген интеллектуалды бейнеаналитика жүйесін дамыту аясында өндірістік тәртіп пен процестер тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа талдамалық модульдермен толықтыру жүргізілуде.

Жұмыс орындарында болуды талдау

Бейнеаналитика учаскедегі қызметкерлердің нақты санын тіркеп, нормативтік саннан ауытқуларды анықтайды. Қызметкер белгіленген уақыттан артық жұмыс орнында болмаған жағдайда, оқиға тіркеліп, персоналды басқаруды оңтайландыру үшін кейінгі талдауға жіберіледі.

Өндірістік белсенділікті талдау

Жүйе қозғалыс динамикасын талдау негізінде белсенділік жағдайын (операцияларды орындау/өндірістік әрекеттің болмауы) анықтайды. Бұл жасырын тоқтап қалуларды, операциялардың теңгерімсіздігін және жұмыс уақытының жоғалуын айқындауға мүмкіндік береді.

Жабдықтың жұмысын және тоқтап қалуын мониторингтеу

Қосымша түрде өндірістік жабдықтың жай-күйін талдау модулі енгізілуде. Жүйе жұмыс және тоқтап тұру кезеңдерін, сондай-ақ технологиялық циклден ауытқуларды тіркейді. Жиналған аналитика «тар орындарды» анықтауға, қуаттарды жүктеуді оңтайландыруға және өндірістік шығындарды азайтуға қолданылады.

Айта кетейік, «Қауіпсіздік инциденттеріне жедел әрекет ету орталығы» атты ЖИ технологиясын енгізу жобасы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекіткен 2025–2026 жылдарға арналған ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллекттің практикалық шешімдерін енгізу жөніндегі Жол картасына енгізілген.

Жол картасы 11 ірі өнеркәсіп кәсіпорнында іске асырылатын 41 жобаны біріктіреді және өнеркәсіп секторының қауіпсіздігін, тиімділігін және цифрлық жетілу деңгейін арттыруға бағытталған.