БАҚ өкілдеріне арналған индустриялық аймақтарға пресс-тур өтті

БАҚ өкілдеріне арналған индустриялық аймақтарға пресс-тур өтті

Астанада БАҚ өкілдері үшін Индустриялық парк аумағына арнайы прес-тур ұйымдастырылды. Іс-шара барысында журналистер қаладағы өңдеу өнеркәсібінің даму қарқынымен, өндірістік қуаттармен және жаңа технологияларды қолданатын жетекші кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Мемлекет Басшысы өз Жолдауында экспорттық әлеуетті қалыптастырып, жаңа технологиялар енгізетін және тұрақты жұмыс орындарын құратын негізгі салалардың бірі ретінде өңдеу өнеркәсібінің маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл бағыт елорда үшін де стратегиялық басымдық болып қала береді.

Инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында  жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елорда экономикаға инвестиция тарту жөнінен елімізде көш бастап келеді: нақты өсім 37%-ды құрап, 1,7 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 22%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. Инвестициялар негізінен жылжымайтын мүлік, көлік, өнеркәсіп, білім беру, қаржы және сақтандыру секторларына бағытталған.

Прес-тур барысында БАҚ өкілдері Индустриялық парк аумағындағы үш жетекші кәсіпорынның жұмысымен танысты. Атап айтқанда, модульдік үй жинақтарын шығаратын «MODEX» зауытының құрылыс мерзімін қысқартатын технологиялары, сэндвич-панельдер өндіретін «KazPan» кәсіпорнының автоматтандырылған желісі және түрлі салаларға арналған өнім шығаратын көпсалалы «ATM Construction & Investment» (YDA) өндірістік кешенінің мүмкіндіктері көрсетілді. Заманауи жабдықтармен жасақталған бұл кәсіпорындар елорданың индустриялық әлеуетін арттырып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.