ҚР ИИДМ-де «Siemens AG» компаниясымен онлайн-диалог өтті

ҚР ИИДМ-де «Siemens AG» компаниясымен онлайн-диалог өтті

ҚР Үкіметі мен «Siemens AG» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру шеңберінде вице-министр Д.Р.Щеглованың басшылығымен Германияның өнеркәсіптік алыбы өкілдерімен ашық онлайн-диалог өтті.

Іс – шараға неміс тарапынан Жобалық команданың басшысы Мэтью Ватсон және Үкіметтермен байланыс жөніндегі сыртқы қатынастар бөлімінің басшысы Кристиан Мэдсен, Қазақстан тарапынан - Министрлік өкілдері, «QazIndustry» ҚИЭО» АҚ Төрағасының орынбасары Т.А.Муканов және «ИТП» ДКҚ Бас директоры А.Б.Сембин қатысты.

Диалог барысында қазақстандық тарап «Siemens AG» компаниясының назарына отандық өнеркәсіпті дамытудың негізгі үрдістері, Министрліктің осы саладағы қысқа мерзімді және стратегиялық жоспарлары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың проблемалары, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы ақпаратты жеткізді.

Сонымен қатар, технологиялық жаңғыртудың және өнеркәсіпті цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың, сондай-ақ Қазақстан аумағында тау-кен металлургия кешені бойынша құзыреттер орталықтарын құрудың маңыздылығы атап өтілді. Осыған байланысты тараптар қазақстандық кәсіпорындарда Индустрия 4.0 элементтерін енгізу және
IT технологияларды жетілдіру мәселелерінде байланыстарды жандандыруға және ынтымақтастықты дамытуға келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын болашақта ынтымақтастық деңгейін арттыруға дайын екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, ашық диалог форматында салалық проблемаларды талқылау үшін отандық өнеркәсіптік кәсіпорындар басшылығымен бірқатар кездесулер өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.