Астанада электроника саласындағы ең ірі көрме – Electronica Expo Kazakhstan 2025 басталды

Астанада электроника саласындағы ең ірі көрме – Electronica Expo Kazakhstan 2025 басталды

Бүгін Астанадағы Халықаралық «EXPO» көрме орталығында Electronica Expo Kazakhstan 2025 көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл – Орталық Азиядағы электроника, электротехника және цифрлық технологиялар саласындағы басты салалық оқиға. Іс-шара 9–11 шілде аралығында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен өтуде.

Көрмеге 10 елден 150-ден астам компания қатысып, электронды компоненттер мен модульдерден бастап дайын цифрлық шешімдерге, интерактивті жүйелер мен бейнебақылау құрылғыларына дейінгі кең ауқымды өнімдерін ұсынуда. Іс-шара аясында 35-тен астам спикер өз салалары бойынша баяндамалар жасайды.

Көрме бағдарламасы шеңберінде шеберлік сабақтары, жасанды интеллект тақырыбындағы панельдік сессиялар, энергия тиімділігіне арналған дөңгелек үстелдер, дрон-футбол турнирі, робототехника бойынша жарыстар және басқа да қызықты шаралар жоспарланған.

Көрменің ашылуында ҚР Өнеркәсіп комитетінің электротехника және ауыр машина жасау басқармасының басшысы Төреәділ Әбдрахманов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында саланың ел экономикасындағы маңыздылығын атап өтті:

 

«Бүгінде машина жасау саласы – Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Елімізде төрт мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың көпшілігі – шағын және орта бизнес өкілдері. 2024 жылы машина жасау өнімінің көлемі 4,6 трлн теңгеден асып, 7,5%-ға өсті. Әсіресе электротехникалық машина жасау саласының рөлі артуда. 2025 жылдың алғашқы бес айында бұл сектордағы өндіріс көлемі шамамен 28%-ға өсіп, 167 млрд теңгеге жетті»,-деді ол.

Electronica Expo Kazakhstan – электроника саласындағы әзірлеушілер, өндірушілер, дистрибьюторлар, қызмет көрсетуші компаниялар мен тұтынушылар бас қосатын бірегей платформа. Бұл көрме инновациялық шешімдерді ілгерілетуге, іскерлік байланысты нығайтуға және саланың дамуына жол ашады.