«ИННОПРОМ» XV Халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің өнеркәсіп министрлері кеңесінің үшінші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков қатысты.
Кеңес жұмысына ШЫҰ-ға мүше елдердің — Қазақстан, Қытай, Иран, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның өнеркәсіптік ведомстволарының өкілдері қатысты. Жиын барысында тараптар ШЫҰ аясындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму келешегі бойынша мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасты.
Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға және кооперацияны нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар мақұлданды. Атап айтқанда, қатысушылар өнеркәсіп саласы бойынша тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобының регламентін және ШЫҰ шеңберінде конгресс-көрме іс-шараларын ұйымдастыру ережесін бекітті. Аталған құжаттар өзара іс-қимылды жүйелеуге және өнеркәсіптік әлеуетті дамыту жолындағы ортақ күш-жігерді жандандыруға мүмкіндік береді.
Кеңес ШЫҰ елдерінің өнеркәсіптік интеграцияны тереңдетуге, озық технологиялармен алмасуға және өндірістік саладағы кооперациялық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін көрсетті. Қатысушылар өнеркәсіп саласындағы стратегиялық бастамаларды іске асыру үшін жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңыздылығын атап өтті.