Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов Кореяның азаматтық құрылыс және құрылыс технологиялары институтының профессорлық құрамымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар елімізде өнеркәсіптік кәсіпорындардың қалдықтарынан, атап айтқанда күлден қабырғаға арналған материалдарды өндіру технологиясын енгізу мәселесін талқылады. Өз кезегінде шетелдік делегация жаңа өндіріс технологиясымен таныстырып, институттың Назарбаев Университетімен осы технологияны зерттеу және қолдану жөніндегі бірлескен жұмысы туралы баяндап берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов аталмыш жаңа бағытты тереңірек зерттеуді, сондай-ақ Жамбыл облысындағы "Қазфосфат" АҚ зауытында фосфогипс қож шөгінділерінің қалдықтарын пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар көмір өндірісін жаңғырту мен салаға жаңа технологиялар енгізуге бағытталған мәселелерді талқылады. Сонымен қатар қатты отын түрін тасымалын ұтымды ұйымдастыру мен оның бағасының негізсіз өсуін тежеу және инвестициялар тарту бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Бүгінде елімізде көмір өндіретін 25-ға жуық кәсіпорын бар. Аталған өндіріс ошақтары биылғы жылдың алғашқы сегіз айында 73,7 млн тонна көмір өндірген. 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының басынан бері коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа арналған 4,03 млн тонна қатты отын жеткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6 пайызға артық.
Көмір саласындағы компаниялардың мәліметі бойынша, отынның бұл түрінің бағасы өткен жылғы деңгейде. Мәселен, қазіргі таңда ішкі нарықта көмірдің әр тоннасы 8 мың мен 21 мың 600 теңге аралығында сатылуда. Оның құны кен орнының қашықтығы мен көмірдің маркасына тікелей байланысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «ҚазТемірТранс» АҚ вагондар желісі арқылы кен орындарынан тікелей тасымалдауды ұйымдастыруда.
Бұдан бөлек, ИИДМ көмірді елден тыс жерлерге автокөлікпен шығаруға тыйым салу туралы арнайы бұйрық шығарды. Министрліктің бұл шешімі жергілікті көмір тиеу тұйықтары мен өңір әкімдіктерімен бірлесіп әзірленген. Басты мақсат – 2022-2023 жылдарындағы жылу беру маусымы кезеңінде көзделген межені орындау және елдегі көмір тапшылығын болдырмау.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов "MFA Maske" түрік компаниясының Басқарма Төрағасы Фатих Фуртунмен кездесті. Кездесу барысында тараптар FFP2 және FFP3 санатты респираторлар өндірісі бойынша жобаны іске асыру жайын талқылады.
Жаңа кәсіпорын "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, жобаны ағымдағы жылдың қазан айында іске қосу жоспарлануда.
Фатих Фуртунның айтуынша, аталмыш жобаны екі кезеңде жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірінші кезеңде FFP2 және FFP3 санатты респираторлардың өндірістік қуаты жылына 2,5 млн. бірлікті құрайды. Екінші кезеңде өндіріс көрсеткішін 10 млн-ға дейін жеткізу жоспарланған. Шығаратын өнімдердің қатарында газтұтқыштар мен сүзгілер, эвакуациялауға арналған өздігінен тотықтырылатын бетперделер бар. Жалпы өнімнің 50% - ын Ресей және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Жобаны іске асыру 100-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов жобаның маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың төрағалығымен өткен жиында шаруа иелерін минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Кеңеске Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Химия өнеркәсібі басқармасының басшысы Лаура Өтемұратованың айтуынша, бүгінде нарықта бейорганикалық тыңайтқыштардың 9 түрі қолданылады. Олардың қатарында жоғары сұранысқа ие тыңайтқыштардың 5 түрі бар, яғни селитра (азотты), МАФ/ДАФ немесе аммофос (екі компонентті), аммоний сульфаты (азотты), карбамид (азотты), NPK немесе күрделі (үш компонентті).
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2023 жылға арналған жоспарлы қажеттілік 703 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық (2021 жылы - 604 мың).
Қазіргі уақытта нарықтың жартысына жуығы импортталған тыңайтқыштарға тәуелді. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.
"ҚазАзот" АҚ 2026 жылға қарай аммиак-карбамид кешенін салуды жоспарлап отыр. Зауыттың қуаттылығы – 500 мың тонна аммиак, 500 мың тонна селитра, 500 мың карбамид. Осылайша, 2028 жылға қарай толық қуатқа шыққан кезде селитраны өндіру көлемі жылына 900 мың тоннаға дейін артады. Сондай - ақ ішкі нарықтың карбамидке деген қажеттілігін толығымен жабамыз", - деп атап өтті Лаура Өтемұратова.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың наурыз айында "Қазфосфат" ЖШС мен "Уралхим"БХК" АҚ (РФ) арасында сұранысқа ие тыңайтқыштарды өндіруге бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша Меморандумға қол қойылды. Осылайша аммиак және кешенді тыңайтқыштар өндірісі бойынша бірлескен жобаны іске асыру көзделіп отыр.
«Өңдеу өнеркәсібі апталығы» аясында «Субконтракт биржасы – 2022» іс-шарасы өтті.
Шараға «Қазцинк» ЖШС, «ERG Еуразиялық компаниялар тобы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В., «Казфосфат» ЖШС және т.б. ірі жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ, 50-ден астам отандық тауар өндірушілер қатысты.
Биржаның негізгі мақсаты елішілік құндылық үлесін ұлғайтуға, қазақстандық бизнесті дамытуға және олардың ішкі нарықтағы әлеуетін ашуға жәрдемдесетін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өндіру және жеткізу мәселелері бойынша кооперациялық байланыстарды жолға қою үшін тапсырыс берушілер мен өнім берушілер арасында тиімді B2B кездесулерін ұйымдастыру болып табылады. V биржа барысында қатысушылар үшін арнайы B2B алаңдары құрылды, онда шағын және орта бизнес өкілдері өнімді дайындау және жеткізу мәселелері бойынша байланыс орнату үшін тапсырыс берушілермен кездесті.
Іс-шара қорытындысы бойынша кәсіпорындар жалпы сомасы 6 млрд. теңгеден асатын 2 өзара ұзақмерзімді келісімшарттар мен 1 оффтейк-контрантқа отырды. Атап айтсақ, «Казцинк» ЖШС мен «ROGR Electronics» ЖШС құны 350 млн. теңгеге офтейк-келісімшартқа, «Kazminerals» компаниялар тобы мен «Новопэк» ЖШС 4,3 млрд. теңгеге, сондай-ақ, «Kazminerals» компаниялар тобы мен «ПК ДАС» ЖШС 1,8 млрд. теңгеге ұзақмерзімді келісімшарт жасасты.
Өз кезегінде, биржа қатысушылары іс-шараның маңыздылығын және оның жүйелі түрде өтуі қажеттігін атап өтті.
Елордада Қазақстан машина жасаушыларының X форумы басталды. Дәстүрлі басқосу он жылға жуық уақыт шеңберінде индустрия бағытындағы басты салалық шара болып қана қоймай, кооперациялық ынтымақтастықты дамытудың бірегей алаңына айналды.
Форумның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, «Ростсельмаш» Директорлар кеңесінің төрағасы Константин Бабкин, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ Президенті Марат Тілеубаев, «MAKFED» Түрік машина жасау федерациясының төрағасы Аднан Далгакиран және неміс машина жасаушылары мен өнеркәсіптік жабдықтарды өндірушілер бірлестігінің Азия бағыты бойынша басшысы Моника Холлахер қатысты.
Жиынның ашылу рәсімінде Премьер-Министр форум қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Үкімет басшысы отандық машина құрастыру саласы еліміздің тұрақты экономикалық дамуындағы рөлі туралы айтты. Атап айтқанда, индустриализация жылдары машина құрастыру өндірісі 6 есеге артып, 2021 жылы 2,3 трлн теңге сомасында болған. Бұл тараптағы өндіріс көлемінің өсімі соңғы үш жылда 20 пайызды құрап отыр.
«Қазіргі күнде Үкімет отандық өндірушілерді қолдау саясатын одан әрмен жалғастыруға мүдделі. Өз кезегінде бұл тарапта қаржыландыру мен шығыс материалдарымен қамту, елішілік құндылықтарды дамыту, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту, өндіріс орындарын жаңғырту және жаңа жобаларды жүзеге асыру сынды қолдаулар көзделген», – деді Әлихан Смайылов.
Басқосу барысында Үкімет басшысы сұрақ-жауап сессиясына қатысып, машина құрастыру өнімдерін импорттау және шетелдік кәсіпорындарды елімізге әкелу бағытындағы пікірімен бөлісті.
«Бүгінде экспортқа қарағанда импорттық тауарлардың үлес салмағы басым. Аталған мәселені оңтайлы шешу үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина құрастыру саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдайтын уақыт келді деп санаймын. Ұзақ мерзімді тәсіл ғана осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек», – деп атап өтті Премьер-Министр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенер болсақ, биыл Машина жасау саласын дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасы өзектендірілді. Аталған құжатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, қазақстандық қамту үлесін арттыру, техникалық және экономикалық реттеу шаралары, институционалдық ортаны жетілдіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жаңғыртуды ынталандыру және жаңа өндірістерді құру бойынша іс-шаралар қарастырылған.
«Қабылданған жаңа шаралар қатарында шикізат өндірушілер үшін отандық өндірістерді нарық бағасынан төмен бағамен шикізатпен қамтамасыз ету міндеттемесі де бекітілмек. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіптің өніміне тұрақты сұранысты қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау бойынша міндеттемелер бекіту көзделген. Бұдан бөлек, тау-кен металлургия кешенінің машина жасау орталығын құру да жоспарланып отыр. Бұл шара кәсіпорындар арасындағы кооперацияны күшейтуге және жаңа өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деді ҚР ИИДМ министрі Қайырбек Өскенбаев.
Оның пайымдауынша, аталған шаралар өңдеу өнеркәсібінің, оның ішінде машина жасау саласының дамуына айтарлықтай септігін тигізбек.
Қазақстан машина жасаушыларының X форумы екі күнге жалғасады. Форум аясында ауыл шаруашылығы, теміржол, электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау, өнеркәсіп салаларын цифрландыру мен роботтандыру бағыттары бойынша секциялық отырыстар өткізілмек.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясындағы кезекті жиын асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды экспорттау мен импорттаудағы түрлі кедергілер талқыланды. Бейнебайланыс режимінде ұйымдастырылған басқосуға ведомствоның жауапты өкілдері, сынақ палаталарының қызметкерлері және қазақстандық зергерлік бұйымдарды өндірушілер мен өткізушілер қатысты.
Жиында ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов қымбат металдар мен тастардан жасалған бұйымдарды әкелуге немесе әкетуге байланысты мемлекеттік бақылау актілерін беру тәртібі жөнінде баяндады.
Алматы – асыл тастар мен зергерлік бұйымдар тасымалданатын және ішкі нарыққа әкелінетін еліміздегі басты орталық. Осыған орай Индустриялық даму комитеті бұл тараптағы мемлекеттік бақылауды оңтүстік мегаполистегі кеден бекеттері арқылы жүзеге асырады.
Өз кезегінде кәсіпкерлер мемлекеттік бақылау процесі көп уақытты алатындығын айтып, бұл мәселені шешудің оңтайлы әрі тиімді жолын қарастыруды ұсынды.
Комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, функцияларды бөлу бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру, зергерлік бұйымдармен операцияларды мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға елеулі септігін тигізбек. Сондай-ақ бұл тарапта жүйелі шешімдер қабылдауға және туындаған мәселелерді дер кезінде орындауға ықпал етеді.
Басқосу барысында зергерлік өнімдер мен асыл тастарды кедендік декларациялауды «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматқа көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды.
Бүгінде ИИДМ «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп құнды металдардан жасалған бұйымдарды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Бұл жоба – қазақстандық зергерлік бизнесті қорғауға бағытталған.
Жиын соңында кәсіпкерлер зергерлік бұйымдарды сынамалау, оларды талдау және таңбалау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізіп, бағалы металдардың заңсыз айналымына тосқауыл қою шараларын күшейту қажеттігін айтты.
Министрлік өкілдері іскер топ өкілдерінің ұсыныстарының ескерілетінін және арнайы сараптама жүргізілетінін мәлімдеді.
Табысты және бәсекеге қабілетті экономика құрудың маңызды факторларының бірі - өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстарды жүргізу болып табылады.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі операторы бола отырып, өңдеуші өнеркәсіпте мемлекеттік ынталандырудың жүйелі және тікелей шараларын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмысын жалғастыруда.
Осы бағытта жыл басынан бері кәсіпорындардан барлығы 302 өтінім келіп түсті, олардың 38-і қойылған талаптарға сәйкес қанағаттандырылды. Өтелген шығындардың жалпы сомасы 199,1 млн теңге.
Қаражат машина жасау, металлургия/металл өңдеу, аграрлық-өнеркәсіптік кешен (тамақ өнімдері мен сусындар), фармацевтикалық өнеркәсіп және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталды.
Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өндіріске прогрессивті басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізу, қызметкерлерді жаңа құзыреттер бойынша оқыту, жабдықтарды монтаждау, инновациялық инженерлік және конструкторлық әзірлемелер жасады.
Өңірлер бойынша ең көп өтінім Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, Алматы, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан келіп түсті.
Қоғамның өңдеуші өнеркәсіп экономикасы секторларының бәсекеге қабілеттілігін күшейту жөніндегі миссиясына сәйкес ақпараттық-консультациялық іс-шаралар жүргізілуде.
Осылайша, жыл басынан бері акционерлік қоғам еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу шарттарын түсіндіру мақсатында еліміздің 78 өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды.
«Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары» тақырыбында республиканың 7 өңірінде: Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында және Алматы және Шымкент қалаларында өнеркәсіп кәсіпорындары үшін семинарлар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «ESC KazakhExport» АҚ, Astana Hub-пен бірлесіп, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін 19 онлайн вебинар өткізілді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілермен кездесті.
Атап айтқанда, ведомство басшысы CLAAS, HORSCH және Royal Ressing компанияларының өкілдерімен өзара ынтымақтастықты арттыру жайын жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында Қайырбек Өскенбаев қазақстандық тарап кооперациялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендігін атап өтті. Осы ретте ИИДМ ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және оны оқшаулау бағытындағы бірлескен жобаны одан әрі іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті.
Кездесу соңында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен «СТ Эсембли» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. Ағымдағы жылы Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы тракторлар мен комбайндарды лизингтік қаржыландыру үшін 7 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Ал «СТ Эсембли» тарапынан тұтынушыларға техниканың барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында техника құнын бекіту бойынша шара ұсынылмақ.
Ал CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт өткен жылы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған болатын. Кәсіпорын бір жылдың ішінде 400-ден астам техника шығарып, өндірілген өнімнің жалпы құны 40,6 млрд теңгені құрады. Бүгінде зауытта 40-қа жуық адам еңбек етеді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» ЖШС-нің өкілдері елордадағы коммуналдық-тұрмыстық секторға арналған көмірді сату нүктелеріне арнайы барды. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 300-ге жуық темір жол тұйығы болса, оның 11-і ел астанасында орналасқан.
ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың айтуынша, халықты көмірмен қамтамасыз ету жұмысы министрліктің тұрақты бақылауында. Биыл жылыту маусымына дайындық наурыз айында басталған. Қазір бұл тарапта күн сайын талдау жасалады.
«Министрлік ел азаматтарын дер кезінде көмірмен қамтамасыз ету мақсатында күнделікті жергілікті атқарушы органдармен, ҚТЖ және көмір разрездерімен жиындар өткізеді. Сонымен қатар біз «Қазтеміртранс» АҚ вагондар паркін тек көмір тасымалдаумен ғана айналысу үшін қайта топтастырдық. Бұл ретте, ҚТТ вагондарына тарифтер нарық құнынан 20-30 пайызға арзан», – дейді Тұрар Жолмағамбетов.
Жалпы соңғы 4 айда елордаға 75 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл көрсеткіш әкімдік мәлімдеген қажеттіліктен екі есе жоғары (37 мың тонна). Ал, қыркүйек айына коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындар үшін көмір өніміне қажеттілік жоспары 67 мың тоннаны құрайды. Бүгінде бұл көлемнің жартысы бас қалаға жеткізілген.
Көктал ауданында орналасқан «Бек-Айда» ЖК көмір қоймасының сыйымдылығы 12-ге жуық вагонды құрайды.
«Өткен жылы күніне 150-200 көмір тиелген көлік жөнелтілді. Көмір бірден вагоннан сатылды. Сәйкесінше, ұзын-сонар кезек болды. Қазір мұндай дүрбелең жоқ. Азаматтар жаз мезгілінен бастап көмір сатып алуда. Сонымен қатар газдандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінде халықтың 50-60 пайызы көмір сатып алған», – дейді көмір қоймасының меңгерушісі Дулат Құсайынов.
Ал, тұйықтарда Майкөбе көмірінің бір тоннасының бағасы 12 500 теңге, Шұбаркөл көмірі – 13 800 теңге және Қаражыра көмірінің тоннасы 14 500 теңгеден сатылып жатыр.