Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Комитет туралы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті.
16 апреля 2026
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қарқын алуда: өндіріс ауқымы кеңейіп, отандық өнім үлесі артып келеді

Орталық коммуникациялар қызметінде жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мәселелеріне арналған брифинг өтті. Онда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхаммед Андаков баяндама жасады.

Өз сөзінде ол саланы дамытуға бағытталған нақты шараларға, қол жеткізілген нәтижелерге және алдағы кезеңге арналған жоспарларға тоқталды.

Оның айтуынша, жеңіл өнеркәсіп – жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал ететін экономиканың маңызды салаларының бірі. Қиындықтарға қарамастан, сала тұрақты дамып, оң үрдіс қалыптастырып отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі 259,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103%-ды құрады. Оның ішінде тоқыма өндірісі 159 млрд теңгені құраса, киім өндірісі шамамен 84 млрд теңгеге, ал былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 17 млрд теңгеге жуықтаған.

Салаға тартылған негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 40 млрд теңгеге жетті. Қазіргі таңда жеңіл өнеркәсіпте 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,1%-ды құрайды.

Брифинг барысында нарық құрылымына да ерекше назар аударылды. 2025 жылы жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 3,6 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі 8,1%-ға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда (5,1%) айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді және салада жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін аңғартады.

Қазіргі таңда салада 1450-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 836-сы тігін, 489-ы тоқыма, ал 125-і былғары және оған қатысты өнімдер өндіреді.

«QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігі» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер одағы өзін-өзі реттейтін ұйымының Басқарма төрағасы Гүлмира Уахитова отандық киім брендтерінің табысты тәжірибелеріне тоқталып, олардың соңғы жылдары сапа мен дизайн тұрғысынан айтарлықтай дамып, нарықтағы орнын нығайтып келе жатқанын сөз өтті. Сондай-ақ ол отандық брендтерді қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі шараларға назар аударып, бұл жұмыстар өндірісті дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етіп отырғанын жеткізді. Спикер сала қызметкерлері өз еңбегін мақтан тұтуы тиіс екенін айтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім өндірудегі рөлі ерекше маңызды екенін атап өтті.

Өнеркәсіптік саясат аясында шикізатқа тәуелділіктен арылып, терең өңдеуге негізделген модельге көшу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 600-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында жүн өңдеу, геотекстиль өндіру және өңірлерде мақта-тоқыма кластерлерін дамыту жобалары бар.

Сондай-ақ спикер 2022-2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасы табысты жүзеге асырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта 2026-2028 жылдарға арналған жаңа жол картасы әзірленуде. Аталған құжат саланың әлеуетін арттыруға, өндірісті кеңейтуге және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Негізгі бағыттардың қатарында жергілікті шикізатты пайдалану, реттелетін сатып алулардағы отандық өнім үлесін 80%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ көлеңкелі импортқа қарсы таңбалау жүйесін енгізу көзделген.

Брифинг барысында цифрлық таңбалаудың нарықтың ашықтығын арттырып, заңсыз айналым көлемін азайтатын негізгі құралдардың бірі екені атап өтілді. Бірыңғай цифрлық таңбалау операторының өкілі жүйені енгізуге қажетті технологиялық негіздің толық қалыптасқанын жеткізді.

«Жеңіл өнеркәсіп саласында енгізіліп жатқан цифрлық таңбалау – нарықтың ашықтығын арттыруға ықпал ететін тиімді тетік. Бірыңғай оператор бұған дейін де әртүрлі тауар топтарына таңбалау жүйесін енгізіп, нақты тәжірибе жинақтаған. Соның нәтижесінде барлық жұмыс барысы реттеліп, қажетті инфрақұрылым толық қалыптасты. Аталған жүйені кең көлемде енгізуге толық дайын екенімізді көрсетеді.

2026 жылдан бастап таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу кәсіпкерлерге жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шаралар нарықтағы адал бәсекелестікті нығайтып, көлеңкелі айналымды азайтуға және тұтынушылар сенімін арттыруға жол ашады», – деді тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша Бірыңғай оператор жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаев.

Сөз соңында Мұхаммед Андаков отандық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығын тілге тиек етті.

«Қазақстандық өнімді таңдау арқылы біз ел экономикасына үлес қосамыз, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеміз және халықтың әл-ауқатын арттырамыз», – деді ол.

Мемлекеттік органдар алдағы уақытта да қолдау шараларын кеңейтіп, инвестиция тарту және бәсекеге қабілетті өнім өндіру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті.
14 апреля 2026
Биылғы І тоқсанда еліміздің өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салалары өсім көрсетті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында "2026 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы" тақырыбында сөз сөйлеп, еліміздің өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы оң нәтижелер туралы мәлімдеді.

Министр атап өткендей, еліміздің өңдеу өнеркәсібі саласы 2026 жылдың І тоқсанында 8,5% деңгейінде өсім көрсеткен.

«І тоқсан қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында жиынтық көрсеткіш 8,5% деңгейінде оң динамика байқалады. Машина жасауда өндіріс 21,9%-ға, химия өнеркәсібінде – 2,4%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 51,1%-ға өсті. Құрылыс материалдарының өндірісі – 37,1%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару 26,9%-ға артты», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұл ретте, Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндіру және экспорттау жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ел өңірлерінде жаңа өндірістерді іске қосу, жергілікті қамтуды арттыру және инвестициялық қызметті белсенді түрде ынталандыру арқылы тиісті салаларда тұрақты өсім қарқынын сақтау бағытындағы жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға жетті.

Сонымен қатар министр еліміздің құрылыс саласындағы тұрақты өсім жөнінде айта келіп, осы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8%-ға артып, шамамен 1,2 трлн теңгені құрағанын мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, елімізде 2026 жылдың І тоқсанында 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылғы деңгейден 3,8%-ға жоғары. Бұл ретте өсім 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Абай (41,3%), Қарағанды облыстарында (26%) және Шымкент қаласында (14,7%) байқалды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елімізде 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

09 апреля 2026
Ерсайын Нағаспаев Valmont Industries компаниясы өкілімен Қазақстанда жаңбырлатқыш машиналар өндірісін дамыту мәселесін талқылады

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Valmont Industries компаниясының вице-президенті Шмит-Хольцман мырзамен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын және Қазақстанда суару техникасын өндіруді локализациялау мәселелерін талқылады.

Ерсайын Нағаспаев Valmont компаниясы ирригация саласы бойынша әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі екенін, ал су ресурстарын тиімді басқаруға, өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығы шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін Valley технологиялары бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да кеңінен қолданылатынын атап өтті.

Министр Қазақстан өнеркәсіп саласын дәйекті түрде дамытып отырғанын, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын қоса алғанда, машина жасау негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Елде индустриялық кооперация базасы қалыптасқан: John Deere, Claas, Deutz Fahr, Lovol сияқты әлемдік брендтер локализацияланған.

Кездесуде жаңбырлатқыш машиналар өндірісін дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 5 негізгі кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты жылына 3 350 бірлікті құрайды.

Мемлекеттік қолдау аясында өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасау тетігі жұмыс істейді, ол локализацияға қатысты өзара міндеттемелерге қарсы салықтық және кедендік жеңілдіктерді қарастырады. Сонымен қатар сұранысты ынталандыру шаралары да көзделген, осы орайда жаңбырлатқыш техникаларға арналған субсидиялар беріледі.

"Біз техниканы импорттауға ғана емес, өндірістік кооперация мен локализацияны дамытуға мүдделіміз. Министрлік тиісті жобаларды іске асыру кезінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өндіріс және заманауи ирригациялық мүмкіндіктерді енгізу бойынша ынтымақтастықты өрістетуге және бірлескен бастамаларды пысықтауға қызығушылық білдірді.

09 апреля 2026
Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрімен кездесті

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кванмен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс және геология салаларындағы өзара іс-қимылды ұлғайту мәселелерін талқылады.

«Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы өнеркәсіптік кооперация жалпы инвестиция көлемі шамамен 3,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 46 бірлескен жобаны қамтиды. Бұл жобалар бойынша Hyundai және Kia маркалы жеңіл автокөліктерді, Hyundai жүк көліктері мен автобустарын шығару, SAC Co компаниясымен бірлесіп ферроқорытпа зауытын салу, Samsung Electronics-пен бірге тұрмыстық техника өндіру және басқа да негізгі бағыттар қамтылған», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі инвестициялар тарту, озық технологиялар мен басқарудың заманауи стандарттарын енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейтін, құқықтық арнайы мәртебе берілген Alatau city жобасын іске асыруға корей компанияларының қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Геология саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Ерсайын Нағаспаев Geoscience & Exploration Central Asia 2026 халықаралық геология форумы шеңберінде Корея геоғылымдар және минералдық ресурстар институтының басшылығымен өткен кездесуді еске сала келіп, онда KIGAM-мен бірлескен бастамаларды пысықтау, жер қойнауын пайдалану саласына озық технологияларды енгізу және ынтымақтастықтың Жол картасын қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде Ким Чон Кван екіжақты ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтіп, өнеркәсіп, инфрақұрылым және стратегиялық маңызды ресурстар салаларында әріптестікті одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге уағдаласты, сондай-ақ Үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысын дайындау мәселесін талқылады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті
07 апреля 2026
Қазақстан Германия және Бавариямен индустриялық әріптестікті нығайтуда

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік министрі Гюнтер Крихбауммен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өнеркәсіптік негіздемелерді дамыту жоспарлары аясында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық әріптестік мәселелері талқыланды. Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі саналатыны, ал бірлескен жобалардың стратегиялық маңызы зор екені атап өтілді.

Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі, сондай-ақ Баварияның Еуропа істері және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік министрі Эрик Байсвенгермен кездесті. Келіссөздер барысында Ерсайын Нағаспаев Германия инвестицияларының маңыздылығын, олардың 90%-ға жуығы еліміздің өңдеу өнеркәсібіне бағытталғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда герман капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істейді.

«Бавария – индустрия саласының көшбасшысы, сондықтан біз өнеркәсіптік кооперацияны, технологиялар трансферін тереңдетуге және арнайы экономикалық аймақтарымыз негізінде бірлескен “неміс кластерлерін” құруға өте мүдделіміз. Қазақстанда инвесторларға елеулі жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынылатын 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бавария бизнесін осы аймақтардың қызметіне белсенді түрде қатысуға шақырамыз», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Бавария федералды жерінің Үкіметі арасында өзара экономикалық, ғылыми және ауыл шаруашылығы бойынша ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобын құруға ниеттестік туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа бірлескен жобаларды жақын арада іске асыруға көшетіндеріне сенім білдірді.

Қазіргі уақытта Қазақстан нарығында Баварияны қоса алғанда, Германияның жетекші компаниялары белсенді жұмыс істеуде. Олардың қатарында Siemens, Siemens Energy AG, Siemens Healthcare, Knauf Group, Horsch, Linde Group, Airbus сынды ірі компаниялар бар, олар елдегі қатысуын одан әрі нығайтып келеді.

 

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті
07 апреля 2026
Үкімет Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады

Қазақстан Үкіметі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС арасында Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу өндірісін салу жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Жалпы құны 70 млрд теңге болатын жоба 2026-2028 жылдары іске асырылады. Оны іске қосу кемінде 160 тұрақты жұмыс орнын құруға, ел ішінде ағаш өңдеуді кеңейтуге, дайын өнім өндірісін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына шамамен 600 текше метр ағаш-жаңқалы плиталар (ДСП) және 20 млн шаршы метр ламинацияланған ағаш-жаңқалы плиталар (ЛДСП).

Келісім қазақстандық өндірушілердің тауарларын, шикізатын, жұмыстары мен қызметтерін міндетті түрде пайдалануды көздейді. Инвестор дайын өнімнің кемінде 50%-ын ішкі нарыққа бағыттауға міндеттеледі. Кәсіпорын жобалық қуаттың 80%-ына шыққаннан кейін отандық дайын өнім экспортының көлемі жылына 60 мың текше метрге дейін жетеді.

Өңірді әлеуметтік қолдау бойынша міндеттемелер де бекітілген. Сондай-ақ инвестор жұмыскерлерді үздіксіз оқыту жүйесін енгізуге және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге міндеттеледі.

Жобаны іске асыру ағаш өңдеу саласының дамуына, жергілікті мазмұнды арттыруға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы 

07 апреля 2026
Станоктар паркінің эволюциясы: қазіргі заманғы CNC машиналары қалай бөлшектердің дәлдігін арттырып, ақаулар санын азайтады

Бүгінде Қазақстанның теміржол машиналарын жасау саласында автоматтандырылған технологиялар кеңінен қолданылады. Өнімнің 70%-дан астамы негізгі өндіріс орындары орналасқан Екібастұзда шығарылады. Заманауи CNC (Сандық бағдарламалық басқару) станоктарын қолдану жоғары дәлдікпен қайта өңделген өнім өндіруге және ақаулар санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялардың басты артықшылықтарының бірі — машиналық көру жүйелерінде. Олар ауытқуларды нақты уақыт режимінде анықтап, өндірісті тоқтатпай-ақ түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, Екібастұздағы ұста-бандаж кешенінде сапаны автоматтандырылған бақылау жүйелері ақау деңгейін 0,1%-ға дейін төмендетіп, өнімнің сенімділігін арттырды. Бұдан бірнеше онжылдық бұрын мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін емес еді және кәсіпорындарға үлкен қаржылық шығын әкелетін.

Зауытта станоктар, роботтар және инженерлер тығыз байланыста жұмыс істейтін біртұтас цифрлық экожүйе қалыптастырылған. Дәлірегі, барлық технологиялық және өндірістік кезеңдер бірыңғай логикаға біріктірілген.

"Дөңгелектерді жасау үшін біз өзара байланысты машиналардың бүкіл желісін қолданамыз. Аралау кешені бірдей көлемдегі және бірдей салмақтағы болат дайындамаларды кеседі. Дөңгелекті илектеу құрылғысы мен пресс ыстық деформацияны қамтамасыз етеді. Кейін дөңгелектер арнайы жабдықта суарылып, қажетті беріктік қасиеттеріне ие болады. Салмағы жүздеген килограмм, температурасы 1200 градусқа дейін жететін дөңгелектерді қолмен тасымалдау мүмкін емес. Сондықтан цехтар арасындағы қозғалысты әртүрлі манипуляторлар, арбалар және тасымалдау жүйелері жүзеге асырады», – дейді Railways Systems KZ холдингінің басқарма төрағасы Сергей Павлингер.

Сондай-ақ автоматтандыру өндірістің алғашқы кезеңдерінен бастап тұрақты және болжамды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл металды үнемдеуге, адам факторын азайтуға және өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Мысалы, Екібастұздағы автоматтандырылған желі сағатына 30 дөңгелек шығарады — бұл дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсекіш. Осы тәсілмен зауыттар өнімділікті арттырады. Заманауи технологиялар басқа өндіріс бағыттарында да енгізілуде. Атап айтқанда, темірбетон шпалдарын өндіруде жаңа автоматтандырылған желі іске қосылған. Дегенмен, технология дамыған сайын адам рөлінің маңызы арта түседі.

"Автоматтандыру адамдарды алмастырмайды, ол ауыр физикалық еңбекті алмастырады. Жас мамандар бүгінде цехқа баспен жұмыс істеуге және күрделі кешендерді басқаруға барады", – дейді Сергей Павлингер.

Екібастұзда роботтандырылған кешендерді басқаруды және цифрлық бақылау жүйелерімен жұмыс істеуді меңгертетін оқу орталығы бар.

Қазақстанның технологиялық эволюциясының нәтижелері де әлемдік деңгейге шығады. Railways Systems KZ компаниясы Deutsche Bahn стандарттарына сәйкес қатты илектелген дөңгелектерді сертификаттаудан өткізуде. Бұл үдеріс нақты пайдалану жағдайларындағы сынақтарды қамтиды.

Қазақстан үшін бұл, әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмалары тұрғысынан маңызды кезеңге айналып отыр. Өйткені Президент өз сөзінде өндірістің жоғары деңгейде өңделген өнімдерін шығару және оларды экспорттау шикізатты жай ғана экспорттаудан гөрі коммерциялық тұрғыдан тиімдірек болатынын атап көрсеткен.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың ақпан айында Railways Systems KZ холдингінің кәсіпорындары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі түзген Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне ендірілді. Олар: "Проммашкомплект" ЖШС (тұтас илектелген дөңгелектер өндірісі), RWS Wagon, (бұрынғы "ЗИКСТО" ЖШС) (жылжымалы құрам), ЖШС "ПРОММАШ.KZ" (бағыттамалы бұрмалар), "R. W. S. BINDING" ЖШС (рельсті бекіту элементтері), "R. W.S. Concrete" (керілген темірбетонды шпалдар).

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті.
03 апреля 2026
Ерсайын Нағаспаев CCPIT-тің Машина жасау жөніндегі комитетінің президенті және қытайлық компаниялар өкілдерімен кездесті

2026 жылғы 2 сәуірде Астана қаласында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қытай халықаралық сауданы ілгерілету кеңесі  (CCPIT) Машина жасау жөніндегі комитетінің президенті Чжоу Вэйдунмен және қытайлық жетекші ROKAE Robotic Co., Ltd., Qingdao Hardhitter Electric Co., Ltd., GSK CNC EQUIPMENT Co., Ltd. Компаниялары өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының аумағында өнеркәсіптік роботтар өндірісін локализациялау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру мен қазақстандық мамандарды оқыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Тараптар цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастықты дамыту тақырыбы бойынша пікір алмасты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар  диалогты одан әрі жалғастыруға, тәжірибе алмасуға және белгіленген бастамаларды іске асыру бойынша нақты қадамдарды пысықтауға өзара дайын екендіктерін білдірді.

ROKAE Robotic компаниясы өнеркәсіптік және коллаборативті (бірлесіп жұмыс істейтін) роботтарды қатар өндіреді, ал Qingdao Hardhitter Electric электромобильдерді зарядтауға арналған инфрақұрылым әзірлейді, ал GSK CNC Equipment цифрлы бағдарламалық басқару жүйелерін шығарады.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті
03 апреля 2026
Еліміздің машина жасау секторы тұрақты өсім көрсетуде

Машина жасау ел экономикасының негізгі бағыттарының бірі ретінде өз позициясын сақтап, өндіріс көлемінің тұрақты өсуін көрсетуде.

2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында машина жасау секторындағы өндіріс көлемі 15,5%-ға артты. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 13,4%-ға өседі деп жоспарлануда.

Ақшалай мәнде есепті кезеңде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 13,6%-ға ұлғайып, 780,3 млрд теңгеден асты.

Өндіріс өнімдері көлемінің қаржылық тұрғыда өсуі автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің 27,7%-ға, өзге көлік құралдарының 32,5%-ға, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтардың 29,9%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді.

2026 жылдың алғашқы екі айының қорытындысында машина жасау саласының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 18,6%-ды құрады, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі 8,5%-ға жетті.

Сонымен қатар машина жасау саласы айтарлықтай инвестициялар ағынын тартуда. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 16 млрд теңгені құрады. Бұл ретте инвестициялардың өсуі электр жабдықтарын өндіру саласында байқалады.

2025 жылдың қорытындысына қарасақ, машина жасау саласына салынған инвестициялар 30%-ға артып, 376,6 млрд теңгеге жетті. Елге Samsung, Sany Group, KIA, Hyundai, Wabtec, Alstom, Stadler, GWM, Claas, John Deere, Zoomlion, Sampo, Lovol, Amazone, Honeywell сияқты басқа танымал халықаралық брендтер тартылды.

Жалпы, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша машина жасау секторында 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Сонымен қатар 2026 жылы машина жасау саласында 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін шамамен 25 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Айта кетейік, 2025 жылы машина жасау саласы оң динамика көрсетті. Өндіріс көлемі 12,9%-ға өссе, ақшалай мәнде 18%-ға артып, 5,7 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде кемінде 40 өндіріс орны  іске қосылып, 656 млрд теңге инвестиция тартылды және 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті
03 апреля 2026
Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумына қатысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының пленарлық отырысына қатысып, Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі қазақстандық өндірушілердің жобаларымен танысты. 

Машина жасаушылар форумы 1300-ден астам делегаттың басын қосты, оның ішінде Австрия, Германия, Италия, ҚХР және басқа да 20-дан астам елден келген жетекші өндірушілер, мамандар мен бизнес өкілдері бар.

Премьер-министр Олжас Бектенов форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде елімізде салаларды жаңғырту мен экономиканың тұрақты өсуінің институционалдық негізіне айналған жаңа Конституцияның қабылданғанын атап өтті.  

«Біз бәріміз ел тағдырын айқындайтын елеулі кезеңнің куәсі болдық. Қоғамның белсенді қолдауымен референдумда жаңа Конституция қабылданды. Әрқайсымызға мәлім, экономиканың және қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік беретін еліміздің Негізгі заңының авторы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Аса маңызды құжат ұлтымыздың ұзақмерзімді даму бағдарын айқындап, Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді. Осылайша, “Әділетті Қазақстанды” құру үшін берік құқықтық негіз қаланды. Бұл экономикаға, соның ішінде өнеркәсіп саласына да ерекше жауапкершілік жүктейді әрі еліміздің мол шикізаттық әлеуетін халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттай алатын қуатты өңдеуші секторды дамытуды талап етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, елімізде машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекет пен бизнестің ортақ міндеті – әділ және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту. 

Өткен жылы машина жасау өндірісі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 13%-ға өсті. Отандық өндірушілер сыртқы нарықтарға анағұрлым батыл шығуда, соңғы 5 жылда экспорт көлемі екі еседен асып, $1,3 млрд-тан $3,1 млрд-қа дейін жетті. Республика бойынша барлығы 4 мыңға жуық зауыт жұмыс істейді, онда 130 мыңнан астам білікті маман еңбек етеді. 

Негізгі капиталға тартылатын инвестицияның үштен бірге өсуі – 376 млрд теңгеге жетуі саланы әрі қарай жаңғыртуға негіз болады. Барлық негізгі бағытта, оның ішінде, автомобиль, ауыл шаруашылығы, теміржол және электротехникалық машина жасау салаларында оң серпін байқалады.

Локализация деңгейін арттыру және қосылған құны жоғары өнім шығару мемлекеттің басым бағыты болып қала бермек. Бұл ретте Қазіргі кезеңде құрастырудан өзінің инженерлік шешімдерін әзірлеуге және ел ішінде жоғары технологиялық активтер құруға көшуді жеделдету маңызды.

«Өнімнің технологиялық деңгейі жаһандық бәсекелестік жағдайында негізгі факторлардың біріне айналуда. Шын мәнінде, бұл – цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу деген сөз. Аталған үдерістер Президент қойған ауқымды міндеттер аясында ерекше маңызға ие болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. Бұл жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы машина жасау саласын да технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Зауыттарда жаңа технологияларды қолдану ауқымды трансформацияның негізгі элементіне айналады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өндірісте жасанды интеллектіні қолдану жабдықтарға техникалық қызмет көрсету шығындарын 40%-ға дейін төмендетеді. Қазақстанда да мұндай табысты мысалдар жеткілікті.

«СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнында жасанды интеллект ықтимал ақауларды алдын ала болжап, конвейердің кенеттен тоқтап қалуына жол бермейді.

ERG-де цифрлық ассистенттер мен аналитикалық платформалар логистикадан бастап электр энергиясын тұтынуға дейінгі процестерді оңтайландырады, соның есебінен компания өткен жылы шамамен 55 млрд теңге үнемдеді. Осылайша, «ақылды» технологиялар нақты экономикалық пайда әкелуде.

Өнімді жобалау мен оның сапасын басқаруда ЖИ-ді қолдану ішінара автоматтандырудан кең ауқымдағы «ақылды зауыттар» құру кезеңіне көшуді қамтамасыз етіп отыр. Ұзақ мерзімді перспективада инновациялар отандық өндірушілерге шетелдік компаниялармен бәсекелесуге ғана емес, сонымен қатар жаһандық нарықтарда жаңа сапа стандарттарын орнатуға да мүмкіндік береді.

Жаңа буын инженерлерін даярлауға басымдық бере отырып, адами капиталды дамытуға да баса назар аударылуда. Қазақстандағы білім беру гранттарының 60%-дан астамы инженерлік және IT-мамандықтарға бағытталған. Озық білім беру тәсілдері мен тәжірибелері отандық университеттерде де, жетекші шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарында да енгізілуде.

***

Пленарлық отырыс барысында Премьер-министр «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, өткізу нарықтарын кеңейту, өндірістерді жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мақсатында Үкімет қабылдап жатқан шараларға қатысты сұрағына жауап берді.

«Өнеркәсіптің өңдеуші секторын дамыту – Үкімет жұмысының басты басымдығы. Қазақстанның даму болашағы осы міндетті қаншалықты табысты шеше алатынымызға байланысты болмақ. Біз қосылған құны жоғары терең өңделген өнімдерді өндіретін озық технологиялық ел боламыз ба әлде негізінен шикізаттық бағыттағы экономикамен даму жолымызды жалғастыра береміз бе? Міне, сондықтан мемлекет те, бизнес те өндірістік тізбектерді барынша құруға, қосылған құнды ел ішінде қалдыруға барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша сектордағы өндіріс көлемі 30,6 трлн теңгені құрады, осылайша ол үшінші жыл қатарынан өндіруші саланың көрсеткіштерінен асып түсіп отыр. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет ел аумағында өндіріс орындарын ашатын компанияларды локализациялау және қолдауға баса назар аудара отырып, салмақты өнеркәсіптік саясат құруда. 

Жаңа Салық кодексінде бизнестің ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсайтын шығыстарынан 300%-ға дейін «супер шегерімдер» жасауға мүмкіндік беретін норма бекітілген. Мұндай салықтай ынталандыру шаралары ғылыми жетістіктердің басын қосып, оларды өндірістік процеске енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар экспорттық қолдауды қолжетімді ету қазақстандық өндірушілерді кеңінен қамтуға мүмкіндік беретініне де назар аударылды. Мұндағы маңызды қадам – жасанды интеллектіні енгізуді және процестерді автоматтандыруды жүзеге асыратын кәсіпорындарға жеңілдіктер беру.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин өнеркәсіптік робототехниканы дамыту жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірленуде екенін, оған Қазақстанның белсенді қатысып жатқыны туралы хабарлады. Бұл ұлттық шараларды күн тәртібіндегі интеграциялық талаптармен үндестіруге және кооперация, локализация және технологиялар трансфері үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.  

Форумда Қытайдың Халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі комитеті Машина жасау кеңесінің президенті Чжоу Вэйдун ҚХР-дың өнеркәсіптік өндірістерді роботтандыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет технологиялық құзыреттер мен инженерлік базаны дамытуға баса назар аудара отырып, жаңа өнеркәсіптік модель құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Экожүйені қалыптастыру институционалдық тетіктер арқылы да жүргізіледі.

«Тыныс» АҚ бас директоры Қайрат Қалманбаев қазақстандық кәсіпорындардың ірі жобаларды, оның ішінде Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндегі  жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысу мәселесін көтерді. 

Премьер-министр Энергетика министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп барлық ірі жобалар бойынша отандық өндірушілерді барынша тартуды тапсырды. 

Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев шағын бизнес пен ірі компаниялар арасындағы келісімшартты кеңейту үшін цифрлық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

  ***

Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесіне қатысу барысында отандық компаниялардың жаңа өндірістік желілерді ашу, локализациялауды ұлғайту және шығарылатын техника желісін кеңейту жөніндегі жоспарларымен танысты.

AGROMASH зауыты John Deere, Lovol, Deutz-Fahr, Amazon және тағы да басқа танымал брендтердің астық жинайтын комбайндарын, тракторларын шығаруда. Өткен жылы өндіріс 20%-ға артты, және жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шығарылды. Техника ішкі нарықта сатылуда, соның ішінде фермерлер үшін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген шарттарда беріледі. Осы жылдың наурыз айында Қазақстанға тағы үш танымал бренд – Vaderstad, DeWulf және Linstar тартылғаны хабарланды.

KARLSKRONA LC AB компаниясы халықаралық технологиялық серіктестің қатысуымен шығарылатын сорғы жабдығын локализациялауды 70%-ға дейін жеткізу бойынша жұмысты бастады. Зауыт электротехникалық және блок-модульдік жабдықтар шығарады, олар мұнай, тау-кен және атом өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, ЖКХ және басқа да салаларда қолданылады. CLAAS және Alstom сияқты халықаралық өндірушілермен ынтымақтастық дамып келеді. Өндірістік процестер ISO халықаралық стандарттарына сәйкес реттеледі.

Allur басшылығы биыл Қостанай қаласында аумағы 30 мың м² болатын Локализация орталығын ашуға дайындалуда. Бұл өнімнің барлық түрлерін: сымдар мен құрылымдық элементтерден бастап автомобильдердің ішкі бөліктеріне дейін шығара отырып, автомобиль компоненттерінің толыққанды кластерін құруды қамтамасыз етеді. Орталықтың қуаты – жылына 60 мың жиынтыққа дейін жетеді. Сонымен қатар ел ішінде сынақ базасын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа өндірісті іске қосу 800 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

QazTehna жыл сайын көлік, тау-кен және өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 1500-ден астам автобус пен коммерциялық техника шығарады. Шағын торапты құрастыру әдісімен автобустардың 5 моделін шығару игерілді. Аумағы 40 мың м2-ден асатын зауытта жүк автомобильдеріне арналған кабиналарды дәнекерлеу желісі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, техника үшін компоненттік база өндірісін іске қосу жоспарлануда. 

Атырау вагон жасау зауытында өзінің конструкторлық бюросы бар толық өндірістік цикл қалыптасты. Кәсіпорын мұнай өнімдері мен сұйытылған газды тасымалдауға арналған жартылай вагондар, контейнерлік платформалар мен цистерналар шығарады. Инвестициялық жобаның қуаттылығы – жылына 8 мың вагонға дейін жетеді. Барлық желілерді толық іске қосу 3,5 мың жоғары білікті жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.

KamLitKZ ЖШС Қостанай қаласында жылына 45 мың тоннаға дейін өнім өндіретін шойын құю зауытын іске қосты. Редукторлар шығаратын кәсіпорынды іске қосу, кейіннен өнімді ТМД және Еуропалық Одақ елдеріне экспорттай отырып, жетектеуші көпір арқалықтарын өндіруді локализациялауды ұлғайту жоспарланып отыр. 

Kazakhstan Machinery Fair 2026-да 24 елдің, оның ішінде Германия, Италия, Австрия, Түркия, Қытай және тағы да басқа өндірушілердің өнімдері ұсынылған. Жыл сайынғы көрме іскерлік байланыстарды нығайтуға, инвестициялар тартуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның өнеркәсіптік компаниялары мен жалпы өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға арналған тиімді алаңға айналды.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы 

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты