Құрметті кәсіпкерлер!
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «QazIndustry» ҚИЭО» АҚ өнеркәсіп кәсіпорындарын сауалнамаға қатысуға шақырады. Сауалнама өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың қызметін жақсартуға бағытталған.
Жүргізілген сауалнаманың қорытындылары индустриялық дамуды бағалау және еліміздегі өнеркәсіп саласының жағдайы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдап жатқан шаралары туралы Мемлекет басшысын хабардар ету мақсатында әзірленетін Ұлттық баяндаманы қалыптастыру үшін негіз болады.
2025 жылғы сауалнамаға қатысу үшін келесі сілтеме бойынша мемлекеттік тілде https://forms.gle/aDAqzEqSeUcC1QrR9 немесе https://forms.gle/QLyR63n9CUFWWrg59 сілтемесі бойынша орыс тілінде онлайн-сауалнаманы толтыруды сұраймыз.
Сауалнаманы онлайн-форматта өту мүмкін болмаған жағдайда, қоса беріліп отырған сауалнаманы (мемлекеттік немесе орыс тілдерінде) толтырып, электрондық поштаға жіберуді сұраймыз: dipmpsrk@gmail.com.
Сауалнама нысаны (жүктеу)
Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасын дамыту мәселесі жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Өнеркәсіптің өсуін қамтамасыз ету шараларына назар аударылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының өндіріс көлемін ұлғайту мен өсу үрдісін бекіту бойынша тапсырмаларын орындау аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Биылғы қаңтар-наурыз айларында өңдеу өнеркәсібінде тұрақты оң серпін 8,7% деңгейінде сақталып отыр. Негізгі өсім машина жасау (17,7%), тамақ өндірісі (13,2%), машиналар мен жабдықтарды қоспағанда, дайын металл бұйымдары (28,7%) салаларындағы көрсеткіштердің өсуі арқасында қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тау-кен өнеркәсібінде өсім (6,1%) байқалды.
Құрылыс саласында тоқсандық қорытынды негізінде өсу көрсеткіші 16,9%-ға жетті. Мектептер, автокөлік жолдары, теміржол желілері, инженерлік инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыс көлемінің артуы туралы баяндалды.
Премьер-министр отандық өндірістермен, оның ішінде Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру шеңберінде өзара іс-қимылды арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Анықтама: ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша, биылғы қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ды құрады. Нақты көлем индексі көлік саласында – 21%-ды, құрылыста – 16,9%-ды, өнеркәсіпте – 6,6%-ды, саудада – 6,3%-ды құрайды.
Дереккөз: Primeminister.kz
Халықаралық байланыстарды кеңейту, инвестициялар тарту және жетекшілік ететін салаларды технологиялық дамыту аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев шет мемлекеттер мен трансұлттық компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбармен кездесуде өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың бағыттары талқыланды. Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды дамытуға, технологиялармен алмасуға және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге екі жақтың да мүдделілігі атап өтілді.
«Әріптестік қарым-қатынастарды дамытуды жалғастыру және экономиканың тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін инвестициялар мен бірлескен жобаларды одан әрі тарту үшін қолайлы жағдай жасау маңызды», — атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы тауар айналымын 3 млрд АҚШ долл. дейін арттыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылады.
Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесу барысында тараптар жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Кен орындарын игеруде қазақстандық тәжірибені тарту, сондай-ақ Қазақстанның тау-кен саласындағы бірлескен жобаларға Сьерра-Леоне инвесторларының қатысуы қарастырылды.
Жоғары технологиялық жабдықты шығару бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі — американдық General Electric HealthCare компаниясының өкілдерімен кездесу айтулы оқиға болды. Тараптар Қазақстанда медициналық техника өндірісін локализациялау перспективаларын, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін талқылады. Технологиялар трансферті, техникалық қызмет көрсету және мамандарды даярлау мәселелері көтерілді.
Қазақстан машина жасаушылар форумы – бұл мемлекеттік сектор мен бизнес арасында тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін, тәжірибе алмасу, инновацияларды талқылау және саланы дамыту үшін жаңа жолдарды іздеуге керемет мүмкіндіктер беретін ерекше диалог алаңы.
Биылғы жылы форум Қазақстанның астанасында 20-дан астам елден 1500-ден астам қатысушыны жинайды деп күтілуде. Олардың қатарында мемлекеттік сектор өкілдері, бизнес, ірі тұтынушылар және жетекші машина жасау өнімдерін өндірушілер бар.
Форумда Машина жасауды дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру мәселелері, саланың дамуындағы шетелдік серіктестердің рөлі, сондай-ақ өнеркәсіпті роботтандыру және цифрландырудағы өзекті тенденциялар, машина жасау саласына кадрлар даярлау мәселелері талқыланады. Негізгі өндірістерді дамытуға, теміржол, ауылшаруашылық, мұнай-газ машина жасауды және автомобиль жасау саласының перспективаларына ерекше назар аударылады.
Қазақстандық және шетелдік машина жасаушылар өздерінің өнімдері мен жаңа әзірлемелерін «KAZAKHSTAN MACHINERY FAIR 2025» халықаралық көрмесінде таныстырады. Көрме форум аясында 2025 жылдың 23-25 сәуір аралығында МВЦ «EXPO» ғимаратында өтеді.
Қазақстан машина жасаушылар форумына тіркелу үшін сайтқа кіріңіз: www.smkz.kz
Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және құрылыс саласындағы жобалармен танысты.
Атап айтқанда, министр 1700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған, 12 мың тоннаға жуық алтын өндіретін «Altyntau Kokshetau» АҚ асыл металл кендерін өндіру және өңдеу бойынша негізгі ірі кәсіпорында болды.
Министр кәсіпорынның даму перспективаларымен, оның ішінде Васильковское кен орнындағы пайдалану мерзімін 2039 жылға дейін ұзартатын жерасты өндіру әдісіне көшумен танысты. Жобаға шамамен 700 млн доллар инвестиция салу жоспарлануда. Әкімдікке жобаны жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселелерін әзірлеуді жеделдету тапсырылды.
Министр сондай-ақ машина жасау саласындағы кәсіпорындар – «Камаз Инжиниринг» ЖШС мен «КАИК» ЖШС-де болды.
«Камаз Инжиниринг» ЖШС – жүк көліктерін, самосвалдарды және арнайы техникаларды құрастыратын кәсіпорын, онда өткен жылы 83,5 млрд теңгеге жүк және арнайы техниканың 1500-ден астам бірлігі шығарылған. Министр кәсіпорынды локализациялауды кезең-кезеңімен арттыру және ынтымақтастық байланыстарын тереңдету міндетіне тоқталды.
Ауыл шаруашылығы және коммуналдық арнаулы техника шығаратын «КАИК» ЖШС қызметімен танысқан министр өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігін де атап өтті.
Сонымен қатар, сапар аясында министр «ENKI» ЖШС құрылыс өнімдерін шығаратын кәсіпорында болып, Көкшетау қаласында тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеу аясында жүзеге асырылып жатқан екі тұрғын үй кешенін салу жобаларына назар аударды. Ол құрылысты аяқтау мерзімін сақтаудың және құрылыс кезінде жоғары сапалы жобаларды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, кәсіпкерлермен кездесу барысында өндірісті кеңейту, импортты алмастыру, өткізу нарықтарын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ кәсіпорындардың бірқатар проблемалық мәселелері қаралды, оның ішінде шикізатпен қамтамасыз ету, нарықты реттеудің тарифтік және тарифтік емес шараларын қолдану.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында мұнай-газ машина жасау саласында 9 млрд теңгеге өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен (6,4 млрд теңге) салыстырғанда 40 %-ға артық. Нақты көлем индексі 91,4 %-дан 126,4 %-ға дейін ұлғайған. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясы хабарлады.
«Саладағы өсім негізінен крандар, клапандар мен вентильдер өндірісінің 93,8 %-ға артуының есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Өткен 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында аталмыш өнімдер өндірісі 3 млрд теңгені құраса 2025 жылдың осы кезеңінде 5,9 млрд теңгеге дейін ұлғайған», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы тарату және шар клапандары мен шибер қақпақтарының өндірісі 525 тоннадан 1126 тоннаға дейін екі еседен астам ұлғайған.
Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жеңіл өнеркәсіп саласының ағымдағы жағдайы туралы жан-жақты айтып берді. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі ел экономикасының маңызды бір бөлігі болып табылады. Бұл сала тек экономикалық өсуге ғана емес, сондай-ақ жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді.
Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің нарығы 2024 жылы 4,3 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде отандық өндірушілердің үлесі шамамен 6% болды. Жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,09%, өнеркәсіптік өндірісте – 0,4%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 0,9% құрайды. Бұл сала 28 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, оның 60%-ын әйелдер құрайды, бұл мемлекет үшін әлеуметтік маңызды көрсеткіш.
Жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі 2024 жылы 211,6 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 86,8% болды. Соңғы 3 жылда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 2,5 есе артты. Бұл саланың негізгі капиталына 12,4 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартылды.
Жеңіл өнеркәсіп саласы үш негізгі топтан тұрады: тоқыма өнеркәсібі – 57% (мақта-маталар, жүн және аралас маталар, синтетикалық және табиғи талшықтар), киім өндірісі – 34% (арнайы және жұмыс киімдері, күнделікті және сәндік киімдер, әскери және спорттық киімдер), былғары өнімдер өндірісі – 9% (аяқ киімдер, былғары және тері бұйымдары, былғары сөмкелер мен белдіктер).
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 1 411 кәсіпорын жұмыс істеп, оның 803-і тігін, 481-і тоқыма, 122-сі былғары өнімдерін өндіреді. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында өнеркәсіптік саясаттың басты мақсаты – ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, шикізаттық модельден бас тарту. Осы мақсатқа жету үшін инвестициялар тартылып, жаңа жобалар іске асырылып, жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.
2024 жылы бірнеше маңызды жобалар іске қосылды, оның ішінде: Батыс Қазақстан облысында биг-бэгтер өндірісі, Атырау облысында геотекстиль кластері. 2025 жыл соңына дейін тағы 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ, оның ішінде: Ақтөбе облысында жүнді терең өңдеу жобасы, Түркістан облысында тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта кешені.
Саланы қолдау мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жеңіл өнеркәсіп жобаларына жылдық мөлшерлемесі 3%-дан аспайтын жеңілдетілген қаржыландыру ұсынылады. Бұл механизм төмен пайыздық мөлшерлемелермен, ұзақ мерзімді және икемді шарттармен қаржыландыру мүмкіндігін береді. Бұл отандық өндірісті қолдауға, импортты алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі.
Жергілікті өндірісті қолдау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін реттелетін сатып алулар тетігі іске асырылуда. Бұл жүйе отандық өндірушілерге тұрақты тапсырыстар алу мүмкіндігін беріп, ішкі нарықта отандық өнімдердің үлесін арттырады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев KNAUF компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушылар «Кнауф Гипс Бурылтау» ЖШС Жамбыл облысындағы жобасын жүзеге асыру барысын талқылады.
Knauf Gips KG – құрылыс материалдарын шығаратын халықаралық инновациялық өндірістік компания.
Компания ұзақ жылдар бойы Қазақстанда белсенді жұмыс істеп, Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарының тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп келеді.
Өндірілген негізгі тауарларға құрғақ гипс негізіндегі құрылыс қоспалары, гипсокартон және әртүрлі гипстік бұйымдар, алюминий профильдері, жылу және энергияны үнемдейтін оқшаулағыш материалдар жатады.
Одан бөлек, KNAUF Жамбыл облысында гипс тас өндірумен айналысады. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 600 мың тонна гипсті құрайды. Ол Қапшағайдағы зауытты гипс таспен толық қамтамасыз етеді, сонымен қатар цемент зауыттары мен басқа тұтынушыларды да қамтамасыз етеді.
«Қазақстанға жаһандық, әсіресе өңірлік нарықта табысты бәсекеге қабілетті, қуатты әрі технологиялық тұрғыдан прогрессивті өнеркәсіп қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
2025 жылы Қазақстанда соңғы бес жылдағы ең көп индустриалдық жоба жүзеге асырылмақ.
Биыл елімізде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылып, 20,1 мың жаңа жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Аталмыш жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.
Қазақстанда сутегі пероксиді, сұйық шыны, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, полипропилен және сары фосфор өндірісі ұлғайтылады. Бұл жобалар химия саласының дамуына және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Биыл сэндвич-панельдер, керамикалық кірпіш, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыттар іске қосылады. «Qaragandy Power Silicon» және «Ekibastuz FerroAlloys» зауыттары ферроқорытпа өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
2025-2035 жылдары министрлік металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында 9 ірі жобаны жүзеге асырады. Олар жобалық қуатына жеткенде өндірілетін өнім көлемі шамамен 7,3 млрд долларды құрайды.
Аталмыш жобаларға 6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар Президенттің тапсырмасымен әзірленген, олар 25 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 17 ірі жоба тізімінің бір бөлігі. Барлық жобалар жоғары технологиялық кластерлерді құруға бағытталған.
«Автомобиль шығаратын зауыттар, ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттар, мыс балқыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешен, гидрометаллургия зауыты сияқты маңызды жобалар іске қосылады.
Бұл кәсіпорындар машина жасау және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін жаңа өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай нығайтады», — атап өтті Өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Жоғарыда аталған тоғыз жобаның екеуі 2025 жылы іске қосылады. Костанай облысында 1500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін KIA автокөліктерін шығаратын зауыт іске қосылады, ол жылына 70 мың автокөлік өндіреді. Алматы қаласындағы Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт 3600 жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жылына 90 мың көлік шығаруға мүмкіндігі бар.
Автомобиль өнеркәсібіндегі жаңа жобалардың арқасында 2025 жылы саладағы өндіріс көлемі 5%-ға артады деп күтілуде. Жоспар бойынша 149 мың жеңіл көлік шығарылуы қажет (2024 жылы бұл көрсеткіш 134 мың болған).
Қазақстанда соңғы бес жылда алғаш рет өңдеу өнеркәсібінде 5,9% өсім тіркелді. Өсім көрсеткіші негізінен металлургия (+6,9%), машина жасау (+9,7%), химия өнеркәсібі (+7,7%) және басқа салалардағы өндіріс көлемінің артуына байланысты болып отыр. Жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгені құрады.
Түсті және қара металлургия салалары тұрақты өсім көрсетуде. Мыс, алюминий, цинк және қорғасын өндірісі мен қайта өңдеу көлемдері ұлғаюда. Құрылыс материалдары өндірісі де қарқынды дамып, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып, өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беруде.
Индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда 15 арнайы экономикалық аймақ және 51 индустриалды аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы осы аймақтарда 110 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа механизм ретінде шағын өнеркәсіп аймақтары енгізілген, олар кәсіпкерлерге дайын үй-жайларды ұсынады. Осы жоба аясында кәсіпкерлер құрылыс үшін жеңілдетілген несиелер мен тиімді жалға алу шарттарын пайдалана алады, бұл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанның 8 облысында (Астана, Шымкент, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары) 34 шағын өнеркәсіп аймақтары жұмыс істейді. 2025 жылы 14 облыста шағын өнеркәсіп аймақтарын құру жоспарланып отыр.
Кәсіпорындар туралы толық ақпараты бар Қазақстандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі қолдау шараларының бірі болмақ.
Ірі тапсырыс берушілерден отандық өнімдерді дамыту бағдарламаларын бекіту талап етіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды салу кезінде отандық құрылыс кезінде материалдар мен жабдықтарды импорттық материалдарға ауыстыру үшін маслихатпен келісу талап етілетін болады.
Бұл шаралар отандық өндірушілердің позицияларын нығайтуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталған.
2024 жылы өңдеуші өнеркәсіп саласында 163 жоба, ал тау-кен саласында 17 жоба іске асырылды. Жалпы инвестициялар сомасы 1,3 трлн теңгеден асқан.
Еліміздің бірқатар өңірлерінде жаңа өндіріс орындары ашылды. Ең көп жоба Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылды.
Елімізде катодтық мыс, dore алтын құймаларын өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастады. Қазақстанда алғаш рет вольфрам концентратын өндіру қолға алынды. Құбыр арматурасын, жылу оқшаулағыш материалдарды, керамикалық плиткаларды, Chevrolet Onix автокөліктерін, жиһаз және жүк көліктерінің компоненттерін шығаратын зауыттар іске қосылды.
2024 жылы іске қосылған жобалар толық қуатына шыққаннан кейін өндіріс көлемі шамамен 2 трлн теңгені құрайтын болады.
Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау офтейк келісімшарттары мен ұзақ мерзімді келісімдер тиімді түрде жүзеге асырылып, бұл жергілікті өнімнің үлесін арттыруға септігін тигізеді. 2024 жылы ірі субъектілер сомасы 704 млрд теңгені құрайтын 600-ге жуық ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк келісімшарттарға қол қойды. Министрлік отандық құндылықты дамыту бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады.
Қазақстандағы индустриалдық даму тұрақты экономикалық өсуді сақтауда маңызды рөл атқарады. Мемлекет өнеркәсіпті дамытуды жалғастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, шетелдік тауарларға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елдегі өндірістің жақсаруына мүмкіндік береді.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нагаспаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, бірнеше кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Ең алдымен Саран қаласындағы «Tengri Tyres» шина зауытын аралады.
«Tengri Tyres» – жеңіл және жүк көліктеріне арналған шиналар өндірісімен айналысатын инновациялық кәсіпорын. Зауыт 2024 жылдың 1 шілдесінде пайдалануға берілді және Қазақстандағы шиналар өндірісіндегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Жоба құны – 234 млрд теңге, салынған инвестициялар көлемі 281,4 млрд теңге құрайды. Зауыттың жалпы алаңы – 76,8 га, жобалық қуаттылығы жылына 3,5 млн шина құрайды. Кәсіпорындағы жұмыс орындарының саны – 1 125 құрайтын болады, қазіргі уақытта 839 адам жұмыс істейді.
Зауыт Қазақстанның ішкі нарығын дамытуға белсенді түрде қатысып, сондай-ақ өнімдерін Кедендік одақ елдеріне және Орталық Азия елдеріне экспорттауда. Жобалық қуаттылыққа шығу 2027 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйек айында Jac маркалы отандық көліктерге арналған шиналардың жеткізіле басталғаны хабарланды. Attar брендінің шиналары Қазақстандағы дилерлік орталықтар арқылы сатылуда және Ресейге экспортталады. 2025 жылы компания 1,2 миллион шина өндіруді жоспарлап отыр, әрі экспорттық әлеуетін дамытып, өнім сапасын арттыру үшін жаңа технологияларды енгізуді жалғастырады.
Министр «Silk Road Electronics» ЖШС өндіріс орнына барды. Зауыт 2023 жылдың 4-тоқсанында іске қосылған. Жалпы алаңы 48 221 ш. м. құрайды.
Жобаға салынған инвестициялар көлемі 24,9 млрд. теңге. Қазіргі таңда зауытта 1 136 жұмыс орны ашылған. 2024 жылы 180 мың бірлік техника өндірілген.
Ерсайын Нағаспаев «QazТehna» ЖШС-де болды. Зауыт 2021 жылы іске қосылып, автобустар мен арнайы техника өндірісімен айналысады. Жоба құны 22,1 млрд. теңгені құрады.
Зауыттың жылдық жобалық қуаттылығы 1500 бірлік техниканы құрайды. 2024 жылы зауыт 1 616 бірлік техника өндірді, оның ішінде 1 437 бірлік жүк көліктері, 179 бірлік жолаушылар автобустары және жол техникалары бар.
Қазіргі уақытта «QazТehna» зауытында 803 адам жұмыс істейді. Компания Қазақстанның ішкі нарығына арналған өнімдерін шығаруда және өз өндірісін әрі қарай дамыту жоспарларын жүзеге асыруда.
Фото - Карағанды облысының әкімдігі баспасөз қызметі.