Қызылорда облысының Цифрлық технологиялар басқармасы, Ақпараттық технологиялар орталығы, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп, 2026 жылдың 16 наурызында Қызылорда қаласы тарихи-өлкетану музейінде «DIGITAL NAURYZ» іс-шаралары аясында ұйымдастырылған «Digital инсталляцияларды музейлерде таныстыру» шарасы өтті. Шараға 50-ге жуық студенттер мен оқушылар қатысты.
Музей қорында бүгінгі таңда 70 мыңнан астам экспонат сақталған, оның ішінде 700-ден астам экспонат тұрақты экспозицияға орналастырылған. Жоба аясында 50 экспонат 3D форматында цифрландырылып, келушілерге жаңа технологиялар арқылы ұсынылды.
Digital инсталляциялар – өнер мен технологияның бір кеңістікте тоғысқан жаңа форматы. Жарық, дыбыс және бейне элементтерінен құралған заманауи инсталляциялар көрерменге ерекше әсер сыйлап, мәдени мұраны жаңа форматта таныстыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, цифрлық технологияларды мәдениет саласына енгізу – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жаңа қырынан танытып, тарихты заманауи тілде жеткізудің тиімді тәсілі.