📍 ҚАЛЖЫР ӨЗЕНІН ЛАСТАҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

📍 ҚАЛЖЫР ӨЗЕНІН ЛАСТАҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің ластану фактісі бойынша тексеру жүргізді.
Биылғы жылдың мамыр айында Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты «Шандыбұлақ» учаскесінде жүргізілген рейдтік шаралар барысында Күршім аудандық полиция бөлімі жеке кәсіпкер Сергей Хванның рұқсат құжаттарынсыз алтынды өз еркімен өндіру фактісін анықтады.
6 қыркүйекте Қалжыр өзенінің ластануы туралы келіп түскен бейнесюжет негізінде Экология департаменті, табиғатты қорғау полициясы, бассейндік инспекция және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері аталған жерге барды.
Белгілі болғандай, жақын арада «С.А. Хван» жеке кәсіпкер өкілдері сот қаулысын орындау үшін Қалжыр өзенінің арнасы мен және жайылмалы бөлігіндегі, сондай-ақ Шандыбұлақ бұлағындағы заңсыз салынған бөгеттер мен тоғандарды бұзған. Соның әсерінен Қалжыр өзенінің негізгі арнасына түскен ұсақ құмды топырақ оның едәуір аумағын ластаған. Лай тұнбалы лас су өзен ағысымен біршама қашықтыққа жайылып, 53,3 мг/м3 дейінгі қалқыма заттармен ластануға әкелді.
Қалжыр өзенінің одан әрі ластануына жол бермеу үшін экология департаментінің инспекторлары заңсыз құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарын тоқтатты. Аталған жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін жобалық құжаттаманы әзірлеу ұсынылды.
Бүгінгі күні табиғи суларды сынау хаттамаларына сәйкес зиян шеккен су айдынындағы ластаушы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Жер үсті суларының сапасы қалпына келтірілді.
Алтын кенін іздеу бойынша жұмыстарды заңсыз жүргізгені, рұқсат етілмеген құрылыстарды бұзу туралы сот шешімін орындамағаны, сондай-ақ экологиялық сараптама жүргізбей объектілерді өз бетінше салғаны үшін Күршім ауданының № 2 аудандық соты мен ШҚО Экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндірушілекке берілген лицензиялары кері қайтарылды.
Бұдан басқа, құқық бұзушылықтардың салдарын жою мақсатында «Хван» ЖК ремедиация бағдарламасын бекітті, оған сәйкес биылғы жылғы қарашаға дейін Қалжыр өзенінің гидрологиялық режимін және тау ландшафтын қалпына келтіру бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды орындау қажет.
Қазіргі уақытта өңір әкімдігі табиғи компоненттерді қалпына келтіру бойынша жұмыстардың кеңейтілген сметалық есебін жасауды пысықтауда, оның сомасына байланысты полиция органдары ҚР ҚК 324, 328, 333 және 334-баптары бойынша кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарайтын болады.
Сонымен қатар, осындай заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті белсенділермен кездесу ұйымдастырды, оның нәтижесінде құқық бұзушыларды карьерлерді рекультивациялау жөніндегі жобаларды (оның ішінде түбін қауіпсіз тәсілмен тазартуды жүргізу) әзірлеуге міндеттеу, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде шешім қабылданды.