Қоғамдық тындаулар өткізуге қатысты

Қоғамдық тындаулар өткізуге қатысты

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс)
96-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру процесінде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті болып табылады.

Бұл ретте, бастамашы мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттарды тапсырғанға дейін жергілікті атқарушы органмен қоғамдық тыңдауларды өткізу күні мен орнын келіседі.

Сонымен қатар, 87-бапқа сәйкес, міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мынадай мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері жатады:

1) экологиялық рұқсаттар алу үшін I және II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;

2) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде қажетті III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары.

Бұл ретте Кодекстің 122-бабына сәйкес, І немесе II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы, оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау материалдары, эмиссиялар нормативтерінің жобасы, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасы, өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасы, әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың қолданылу кезеңіне арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы, күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру нормативтерінің жобасы (көмірсутектерді барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде) және өзге де жобалау құжаттары әсер етуге экологиялық рұқсат беру шеңберінде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.

Бұдан шығатыны, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге берілетін барлық жобалау құжаттары қоғамдық тыңдауларға шығарылуға жатады.

Объект бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізетін орган қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерін ескереді.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында мемлекеттік экологиялық сараптама материалдарын пысықтау көзделеді, оның барысында өтініш беруші пысықталған материалдар құрамында қоғамдық пікірді есепке алу нәтижелерін жібере алады.