Ағымдағы жылдың 27 қазанынан 11 қарашасына дейін "Арселор Миттал Теміртау" АҚ Конвертер цехына қатысты Қарағанды облысы бойынша экология Департаментімен (бұдан әрі - Департамент) жоспарлы тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында Департамент бірқатар бұзушылықтарды анықтады, сондай-ақ 19.12.2019 ж.бастап санитарлық-қорғау аймағы (СҚА) шекараларының көлемін ескере отырып, жол берілетін шекті шығарындылар (ШЖШ) нормативтері жобасына 912 М. өзгерістер енгізу және орындау мерзімі 26.04.2020 жылға дейін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алу бөлігінде алдыңғы профилактикалық тексеру нұсқамасының орындалмағанын анықтады.
Конвертер цехының жұмысында қайталама газ тазалаудан шығатын газдарды аулаудың тиімсіз жұмысы анықталды. Бұдан басқа, Конвертерлік цехтың миксер бөлімшесін тексеру кезінде шойынды миксер шөміштеріне құю кезінде пайда болған газдарды аспирациялық жүйелермен ұстау кезіндегі кемшіліктер визуалды түрде анықталды. Түтін газының барлық көлемі шатыр терезелері мен фрамугалар арқылы атмосфералық ауаға түседі. Жоғарыда көрсетілген тармақтар 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400 ҚР Экологиялық кодексінің 207-бабын бұзуға алып келді.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ анықталған бұзушылықтармен келіспеуіне байланысты, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарды беруден бас тартқаны үшін Департамент осы кәсіпорынға қатысты ҚР ӘҚБтК 331-бабының 1-тармағы және ҚР ӘҚБтК 462-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы хаттама жасады. Барлық әкімшілік материалдар Теміртау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған сотына жолданды.
Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс)
96-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру процесінде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті болып табылады.
Бұл ретте, бастамашы мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттарды тапсырғанға дейін жергілікті атқарушы органмен қоғамдық тыңдауларды өткізу күні мен орнын келіседі.
Сонымен қатар, 87-бапқа сәйкес, міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мынадай мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері жатады:
1) экологиялық рұқсаттар алу үшін I және II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;
2) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде қажетті III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары.
Бұл ретте Кодекстің 122-бабына сәйкес, І немесе II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы, оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау материалдары, эмиссиялар нормативтерінің жобасы, қалдықтарды басқару бағдарламасының жобасы, өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасы, әсер етуге арналған экологиялық рұқсаттың қолданылу кезеңіне арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы, күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру нормативтерінің жобасы (көмірсутектерді барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде) және өзге де жобалау құжаттары әсер етуге экологиялық рұқсат беру шеңберінде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.
Бұдан шығатыны, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге берілетін барлық жобалау құжаттары қоғамдық тыңдауларға шығарылуға жатады.
Объект бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізетін орган қоғамдық тыңдаулардың нәтижелерін ескереді.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында мемлекеттік экологиялық сараптама материалдарын пысықтау көзделеді, оның барысында өтініш беруші пысықталған материалдар құрамында қоғамдық пікірді есепке алу нәтижелерін жібере алады.
2021 жылғы 18 қыркүйекте еліміздің барлық өңірлерінде «World CleanUp Day 2021» Дүниежүзілік акциясы өтті.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған шараға 298 мыңнан астам адам қатысты. Жиналған қоқыс көлемі 11 мың тоннадан асты. 23 мың гектар аумақ жиналып, 16 мыңға жуық ағаш отырғызылды.
Биыл бүкіл ел бойынша тазалау үшін мыңнан астам орын анықталды. Нұр-Сұлтан қаласындағы негізгі алаң Алматы ауданындағы Нұра-Есіл каналының бойындағы учаске болды.
«World CleanUp Day» Бүкіләлемдік акциясы қоқысты жинауға ғана емес, оны сұрыптап, қайта өңдеуге де бағытталған. Сұрыпталған қоқыстардан биылғы жылы қайта өңдеуге шыны, пластик, резеңке, қағаз, картон, металл сияқты екі мың тонна қалдық тапсырылды.
Мұндай акциялар халық арасында экологиялық мәдениетті одан әрі қалыптастырып, қоршаған ортаға құрметпен қарауға үйретеді әрі жастардың туған жерінің табиғатын құрметтеуіне ынта береді.
Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде сағат 11.00-де Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында мүдделі кәсіпорындар, табиғат пайдаланушылар және жұртшылық үшін жаңа экологиялық заңнама шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша түсіндіру жүргізеді.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің мынадай мәселелері талқыланады: қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын және (немесе) көзделіп отырған қызметтің әсер ету скринингін айқындау туралы қорытынды; қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беру және т. б.
Өткен аптада Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов онлайн режимде аумақтық экология департаменттерімен кеңес өткізді. Іс-шара ZOOM арқылы Комитет басшылығы мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Жәнібек Ағыбаевтың қатысуымен өтті.
Кеңес барысында экология департаменттерінің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу, заңнаманы және қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау, бағыныстылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тұрақты негізде қалыптастыру, мүдделер қақтығысына жол бермеуді қамтамасыз ету, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру және т.б. мәселелер қаралды. Осыған байланысты, Комитет басшылығы экология департаменттері қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін тікелей экология департаментінің басшысы жауапты екенін атап өтті.
Кеңес аяқталғаннан кейін Комитет төрағасы Зулфухар Жолдасов Комитеттің құрылымдық бөлімшелеріне тексерулер бойынша мәселелер тізбесін әзірлеуді және осы тексерулер алгоритмінің блок-схемасын жетілдіруді; облыстардағы оқиғалар және мемлекеттік қызметтер бойынша аумақтық экология департаменттерімен жедел кеңес өткізілуін бақылауды, сондай-ақ жақын арадағы жедел кеңесте қаралатын мәселелерді пысықтауды тапсырды.
Жоғарыда аталған барлық тапсырмалардың орындалу мерзімі ағымдағы жылдың 10 қыркүйегіне дейін белгіленген.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов "North Caspian Operating Company (NCOC)" компаниясы өкілдерімен кеңес өткізді.
Талқылаудың тақырыбы қоршаған ортаға тиетін әсерді азайту мәселесі болды. Мысалы, соңғы уақытта Атырау қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекен тұрғындарынан өңірдің атмосфералық ауа сапасының нашарлауына жиі шағымдар мен өтініштер келіп түсті. Комитет компаниядан ластаушы заттардың ШРК артқанын көрсеткен ауа сапасын бақылау станцияларынан алынған деректерге кешенді зерттеу жүргізуді талап етті.
"North Caspian Operating Company (NCOC)" компаниясы өкілдері табиғат пайдалану шарттарын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар және қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы айтты. Бұдан бөлек, компания 2022 жылдың соңына дейін сарқынды суларды тазарту жөніндегі жаңа қондырғыны іске қосады, ол қайталама су айналымын 70% - ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында компания жақын арада эмиссияларды төмендету жөніндегі стратегиялық жоспарды, ұсынылатын іс-шаралардың тиімділігін бақылау жөніндегі жоспарды, көгалдандыру жөніндегі жобаны, халықаралық тәжірибені ескере отырып, ластаушы заттар шығарындылары көздеріне мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жол картасын ұсынуы тиіс деген шешім қабылданды.
Сондай-ақ, комитет NCOC көздерінің ықтимал әсерін анықтау мақсатында жақын маңдағы елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасын зерттеуді жалғастыруды тапсырды. Бұл шаралар, ең алдымен, қоршаған ортаны жақсартудағы кәсіпорын жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.