Бүгінгі күннің батыры кім десе, ойланбастан Ұлы Отан соғысының ардагерлері дер едік. Ел басына қара бұлт үйірілген қиын-қыстау заманда қолына қару алып, болашақ ұрпақ үшін қан майданда от кешкен арыстардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Біз оларға қаншалықты қамқорлық көрсетсек те аздық ететіні белгілі. Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Қазіргі таңда ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері болмаса да, тыл еңбеккерлері бар. Олардың саны - 19.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков Сайқын ауылында тұратын тыл ардагерлері Нурепа Дүйсекова мен Мінаш Нұрғалиевалардың отбасында болып, айтулы мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медаль мен «Жеңіс символы» лентасын ардагерлер омырауына тағып, құттықтау хат беріп, сый-сияпат табыстады.
Мерекеде сый-құрметке бөленген қарияларымыз аудан әкіміне және бірге құттықтап келген азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, қызметтеріне абырой тілеп, ақ баталарын берді.
Мереке қарсаңындағы осындай сый-құрмет ауданның барлық ауылдық округтеріндегі тыл еңбеккерлеріне де жасалып, медальдері табыс етілді.