Генералдар Бөкей елінде

Генералдар Бөкей елінде

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ауданымызға ат басын тіреген «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төралқа төрағасы, Ішкі істер министрлігінің өкілі, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков, төралқа төрағасының орынбасары, Астана қаласындағы филиал басшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі, генерал-майор Өміртай Бітімов, төралқа мүшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, генерал-майор Мұстафа Махамбет пен Шаймұрат Отарбаев, Ұлттық Ұлан өкілі, генерал-майор Әлібек Сералиев, Ішкі істер министрлігінің өкілі, генерал-майор Төлеген Рақымжанов, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы Талғат Қаналиев, «Олжа» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Сұлтан Неталиевтер аудан орталығындағы Қару аманаты саябағында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, қаһармандар ескерткішіне гүлшоқтарын қойды.

   Содан кейін Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі мүшелері аудан активімен кездесті.

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен кездесуде келелі мәселелер қозғалып, ұсыныстар айтылды.

- Бөкей ордасы – Сталинград шайқасының ең жақын тылы болған, соғысты бастан өткерген бірден-бір ауданның бірі. Биыл сұм соғыстың аяқталғанына, Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Ресми деректер бойынша Орда ауданынан Орда әскери комиссариаты арқылы ұрыс майдандарына 4613 адам аттанса, олардың ішінен майданнан оралмағандары – 3028, ұрыс даласында қаза болғандары – 1408, хабар-ошарсыз кеткендері – 1410, жарақаттан қайтыс болғандары – 206, ал тұтқында көз жұмғаны – 4 адам. Бөкей ордасы ауданынан үш бірдей Кеңес Одағының Батыры, бір Халық қаһарманы шықты, - деп аудан әкімі соғыс жылдарындағы аудан тарихынан мәлімет беріп өтті.

Өз кезегінде сөз алған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков Батыс Қазақстанның шалғайда жатқан қос бірдей ауданына арнайы келулерінің мақсатын айтып, бүгінгінің бас ауыртар мәселелерін де тілге тиек етті.

- 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні - тойлайтын мереке емес, өткеннен сабақ алатын, бүгінгінің парқына бойлап, тағылым алатын күн. Бұл күн - ортақ Отанымыз деп шейіт болған аталарымыздың, жесір қап, қасірет кешіп, жастай солған аналарымыздың, балалықпен ерте қоштасып, белдері қатпай, еңбекке араласқан соғыс балаларының рухына тағзым ететін күн. Ел аралап, жергілікті тұрғындармен кездесудегі мақсатымыздың бірі - жастар арасында отансүйгіштік, патриоттық тәрбиені насихаттау. Біздің жастық шағымызда «Мен де ешкімнен кем емеспін. Қатарымнан қалмаймын» деп әскерге баруға құлшынып тұрса, қазіргі жастар дәрігерлердің есігін тоздырып, қалайда бір ақаулықты іздеп тауып, «кемістігім бар» деп әскерге бармаудың  себебін тауып, бұғып қалады.

   Сапарымыздың екінші бір мақсаты - соғыс оты шарпыған қос ауданға өз аяғымызбен барып, өз көзімізбен көріп, қаһарман аудан атағының берілуіне септесу. Бұрынғы Сталинград - қазіргі Волгоград - батыр қала деген мәртебеге ие. Ал, осы батыр қаланың ең жақын тылы болған, жау ұшақтар көздеген негізгі нысаны Жәнібек, Орда аудандарына ешқандай мәртебе берілмегені тарихи әділетсіздік, - дейді Бексұлтан Сәрсеков.

   Аудан жұртшылығы атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиевалар ауданға қаһарман аудан мәртебесі берілуі керектігін айтып, қолдау көрсетулерін сұрады.