Бүгін аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен кеңейтілген кеңес өтті. Кеңеске аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер әкімдері және мекеме басшылары қатысты. Кеңес күн тәртібінде келелі мәселелер қаралып, өзекті мәселелер талқыланды.
Алдымен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар, жоспарланған іс-шаралар туралы, инвестициялық жобалар бойынша баяндама жасады.
Баяндама бойынша жарыссөзде аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова:
- Ауданда қалталы азаматтар аз емес. Бірақ олар өз кәсіптерін қаладан ашуда, бұл инвестиция тарту жоспарына үлкен соққы. Мысалы, Руслан Сисенғалиев шарнирлі тор цехын облыс орталығынан ашуда, тағы бір қожалық иесі Ермек Момынов бордақылау алаңын ауданнан емес, басқа жерден ашуды көздеуде. Осының себебін анықтап, жобаның аудан аумағынан ашылуына мүдделі болуымыз керек емес пе? Осы тұрғыда тиісті жұмыстар қолға алынбай отыр, - деді.
Депутаттың бұл пікіріне аудан басшысы Н.Даумов толыққанды жауап берді.
- Біріншіден, үгіт-насихат жұмыстары мүлдем жүргізілмей жатыр деп айтуға болмас. Сіз айтып отырған жайттан толық хабардармын. Қалталы азаматтарымыздың өз жобаларын облыс орталығынан ашуының өзіндік себептері бар. Үлкен қаржы салынатын болғандықтан экономикалық тиімділігі бірінші орында. Бордақылау алаңын салғаннан кейін мал азығын дайындау да басты шарт. Сол үшін де шабындық жері бар аумақты қарастырып жатырғаны бар. Ал, Р. Сисенғалиевтің цехына келсек, цех жұмысы үзіліссіз болуы үшін материал жеткілікті болуы керек. Материал, одан кейін дайын өнімнің тасымалы үшін артық қаржы кетпеуі үшін де облыс орталығынан ашуды жөн көріп отыр. Р. Сисенғалиевтің жалғыз жобасы бұл емес. Бұйыртса, қасапхана алаңының жұмысын бастамақшы. Ал, ет өнімдерін өңдеуді тағы да Оралда деп жоспарлап отыр. Жартылай фабрикаттар дайындау үшін қажетті мамандар ауылда тапшы екені түсінікті, - деп мәлімет беріп өтті.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин тағы бір мәселе бойынша хабарлама жасады. Ол - «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асу барысы.
Бұл мәселе бойынша да қызу пікірталас болды. Аудандық мәслихат депутаты Қайрат Насимуллин бағдарлама бойынша алынған қаржының мақсатсыз жұмсалып, кейбір ауылдасымыздың қарызға батып отырғанын айтса, Жалғас Ташуов бағдарлама бойынша берілген қаржының жеткіліксіздігін алға тартты.
- Үйін кепілге қойып, үш-төрт, тіпті екі миллион теңге алғандар бар. Ол сол қаржыға мал алды, ай сайын МӘМС, зейнетақы сияқты әлеуметтік төлемдерін ай сайын төлеп отыруы керек. Тек өзіне ғана емес, өзінен басқа кем дегенде бір ауылдасын қызметке алып, соның жалақысын, түрлі төлемдерін аударуы керек. Осы тұрғыдан алғанда «Ауыл аманатынан» берілген қаржы жан бағуға жетпейді, - деді Жалғас Ташуов.
Бұдан кейін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Сисенов абаттандыру, жол құрылысы және күтімі мәселелері бойынша хабарлама жасады.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалы төрағасы Жалғас Ташуов аталмыш партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысынан хабардар етті.