
Ардақты ардагерлер!
Қадірлі аға буын өкілдері!
Сіздерді өзімнің және аудандық мәслихат депутаттарының атынан «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз.
Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен ұрпақтарыңызды мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер.
Құрметті Абзал ағалар, Қадірлі Асыл аналар!
Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Ақылы – дария, білімі – теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда.
Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы өздеріңіздей ақсақалдардың барында ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастарымыз жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!
Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын!
Құрметпен,
Бөкей ордасы аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева