
Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиеваны қабылдап, зейнеткерлік жасымен құттықтады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, депутаттар, қоғамдық ұйым төрағалары, сыныптастары мен әріптестері қатысты.
Аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы - Сіз еңбек жолыңызды ұстаздықтан бастап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, жауапты қызметтердің талай белесінен өттіңіз. Бірнеше бөлімді басқарып, аудан әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, кейін аудандық мәслихаттың төрағасы ретінде жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өзара тиімді жұмыс істеуіне, ауданның әлеуметтік дамуына өз үлесіңізді қостыңыз.
Ұзақ жылдар бойы атқарған қызметіңізде кәсіби біліміңізді, ұйымдастырушылық қабілетіңізді, мол тәжірибеңізді ел мүддесіне арнадыңыз. Сізге жүктелген әрбір міндетке жауапкершілікпен қарап, халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, елдің алғысына бөлендіңіз.
Сіздің қажырлы еңбегіңіз бен азаматтық ұстанымыңыз, іскерлігіңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз кейінгі буынға әрдайым үлгі болып қала береді- деген ыстық лебізін білдіріп, құрмет көрсетті.
Жақсы тілекке шараға қатысушы үзеңгілес болған әріптестері мен шәкірттері іспеттес жас буын да қосылып, ықыласын білдірді.
Өз кезегінде Лариса Тельманқызы зейнеткерлік жасына орай қабылдау өткізген аудан басшылығына мен барша қатысушыларға алғысын жеткізіп, рақметін айтты.