БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы Даумов Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай аудан журналистерімен кездесу өткізіп, ақпарат саласының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлы сөзін тілге тиек еткен аудан әкімі, журналистердің ел мен халық арасындағы алтын көпір екенін, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік саясатты түсіндіруде және жұртшылықтың сенімін қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше екенін атап өтті.

Шара барысында аудан әкімі мереке иелеріне құттықтау хаттар мен арнайы сый-сияпаттар табыс етті.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева және аудандық аурухана мен білім беру бөлімінің басшылары да жылы лебіздерін білдіріп, құттықтау хаттары мен сый-сияпаттарын табыстады.

Жиын соңында «Орда жұлдызы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ұлпан Әнуарқызы Жакина көрсетілген құрмет пен қолдау үшін аудан басшылығына және құттықтау білдірген барша азаматтарға алғысын жеткізді.

Барша бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне шығармашылық табыс, қаламдарыңызға қуат, дендеріңізге саулық және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай жетістіктер тілейміз!