
Орал қаласында алғаш рет «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты ауыл әкімдерінің І облыстық форумы өтті. Форумның пленарлық отырысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, өңірдегі барлық деңгейдегі атқарушы және өкілетті органдардың өкілдері қатысты.
Аталмыш форумға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева бастаған аудан делегациясы да (құрамында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қуаныш Елемесов, аудан әкімінің орынбасары А.Мұхамбетжанов, аппарат басшысы А.Ажғалиев, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер әкімдері, салаға қатысты бөлім басшылары, белсенді кәсіпкерлер мен ауылнайлар бар) қатысқан болатын.
Форумалды таныстырылым бөлімінде ауданның әлеуетін айшықтайтын киіз үй құрылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Форум барысында әр сала бойынша белсенді азаматтар марапатталған болатын. Олардың ішінде «Жер жәннаты» номинациясы Хан Ордасы ауылы (әкімі Ғ.Махимов), облыс әкімінің «Алғыс хатымен» меценаттар Асылбек Ахметов пен Бейбітжан Мамаев, белсенді ауылнай Мереке Саламатов марапатталды. Сондай-ақ, секциялық отырыстарда белсенді әкімдер де марапатталды.