КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛДІ

Коммуналдық шаруашылығы саласы – халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі. 2024 жылдың 11 маусымдағы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің №189 бұйрығына сәйкес 16 сәуір - тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің күні болып бекітілді.

Бүгін аудан әкімдігінде кәсіби мерекеге коммуналдық сала ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Шараға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлері мен ардагерлері, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы коммуналдық сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап - Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың тұрғындары жайлы өмір сүріп, үйлерінде жылу мен жарық, ауыз су мен тазалықтың игілігін көруде. Бұл – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және жоғары кәсіби біліктілікті талап ететін маңызды сала.

Сіздер кез келген ауа райына қарамастан, қандай қиындық болса да, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып, тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруіне зор үлес қосып келесіздер. Бұл салада еңбегі адал, қара жұмыстың нағыз майталман маман­дары жұмыс істейді деп білемін. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрмет пен алғысқа лайық,- деген ыстық лебізін жеткізсе, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Тельманқызы мен сала ардагері Ерік Мәнуұлы өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

Мерекеге орай, салада қажырлы еңбек еткен бірқатар азаматтар облыс әкімінің орынбасары, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы, аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.