
Бүгін аудандық «ҚазСуШар» мекемесінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Бөкей ордасы аудандық коалициясы республикалық бастама аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады.
Айта кету керек, жалпыұлттық коалицияның құрылуы – қоғамды ортақ мүдде мен мақсат төңірегіне біріктірудің нақты көрінісі. Жаңа Конституция – елдің ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық маңызы бар құжат. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділдік қағидаларын орнықтыру және мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіру мәселелері қамтылған.
Аудандық коалиция төрағасы, «AMANAT» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштерінің бір алаңда топтасуы – жаңа Конституцияға деген ортақ жауапкершіліктің белгісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат тек құқықтық өзгерістер жиынтығы емес, мемлекет дамуының жаңа сапалы кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Заң үстемдігі, әділдік пен азаматтардың құқықтарын қорғау – оның басты негіздері.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева жаңа Конституция жобасы елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудың бастамасы екенін айтып, бұл тарихи маңызы бар шешім екенін жеткізді. Ол алдағы кезеңдегі негізгі міндет – реформалардың мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіріп, әр азаматтың оның мәнін терең түсінуіне ықпал ету екенін атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар ел болашағы үшін қолға алынған бастамалардың маңыздылығын айқындап, бірлік пен жауапкершілік қана мемлекет дамуының берік кепілі болатынын жеткізді.