
Еліміздің құқықтық жүйесінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері кеңінен дамып келеді. Солардың бірі – медиация институты. Бұл институттың басты мақсаты – тараптар арасындағы келісім мен өзара түсіністікті орнату, қоғамда бітімгершілік мәдениетін қалыптастыру. 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, яғни, бүгін аталмыш Заңның қабылданғанына тура 15 жыл болып отыр. Осыған орай, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында аудандық соттың бастамасымен ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Медиация - бітімгершілік баспалдағы» атты шара оздырылды.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық соттың төрағасы Марат Шингалиев, билер алқасының төрағасы Тілеген Арыстанбеков, басқа да аудандық мекеме басшысы мен қызметкерлері, ауданымыздағы кәсіби емес медиаторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара медиация институтының қоғамдағы рөлі мен қажеттілігі турасында пікірлер ортаға салынып, белсендік медиаторларға мерекелік датаға орай, аудан әкімі Н.Даумовтың және облыстық, аудандық сот төрағаларының «Алғыс хаттары» табыс етілді.
Медиацияның басты мақсаты - өзара тиімді әрі қолайлы келісімге келу. Медиация процедурасы уақытты үнемді пайдалануға бағытталған. Сот өндірісінен оның айырмашылығы – медиацияның нәтижесінде «кінәлілер» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Медиация сонымен қатар тараптарға қажетті құпияны жария етпеуге мүмкіндік береді.