АНА - ҮЙДІҢ ШАМШЫРАҒЫ

АНА - ҮЙДІҢ ШАМШЫРАҒЫ

    Ана — өмірдің бастауы, мейірімнің мекені, отбасының берекесі. Ананың жүрегіндегі жылулықтан ұрпақ тәрбиесінің іргетасы қаланып, елдің ертеңі айқындалады.

    Осы мақсатта «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында бүгін 8-желтоқсан күні аудандық мәдениет үйінде «Ана. Қоғам. Болашақ» атты аудандық аналар форумы өтті.

    Форум жұмысына аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық прокуратураның аға прокуроры Руслан Шәкіржанов, аудан аналар кеңесінің мүшелері мен мекеме басшылары, әр салада қызмет атқаратын аналар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

    Конференцияның негізгі спикерлері:

  1. «АMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі – Шайхиниязова Гаухар Жәрдемқызы;
  2. Аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әжелер кеңесінің төрайымы – Айтжанова Қалампыр Айтжанқызы;
  3. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы – Омарова Нұргүл Жігерқызы;
  4. Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры, қоғам белсендісі – Мөкешева Екатерина Жолдығалиқызы;
  5. Аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Искаков Жайдарбек Сүйінжанұлы;
  6. Аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің директоры – Атаева Айнаш Қайсарқызы;
  7. М-С.Бабажанов атындағы мектептің педагог-психологы – Хаирова Тоғжан Серікқызы.

    Шараны аудандық мәслихат төрағасы Лариса Тельманқызы ашып, - Ана – отбасының тірегі, бірліктің бастауы, ұлттың ұйытқысысыздар. Қазіргі таңда қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, жастарды тәрбиелеу, жұмысшы мамандықтарын насихаттау және еңбекке баулу ісінде аналардың рөлі айрықша. Сол себепті, бұл форум – қатысушылардың пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын мемлекеттік саясатқа енгізуге мүмкіндік беретін маңызды алаң, - деген пікірін жеткізіп, ауданның отбасы-демографиялық саясаты саласына үлес қосып жүрген аналарды аудан әкімі Н.Даумов пен облыстық аналар кеңесінің төрайымы Ш.Құрманалинаның атынан «Алғыс хаттармен» марапаттады.

    Кейін аудандық прокуратураның аға прокуроры Руслан Рахымжанұлы сөз алып, балалар мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда отбасының, оның ішінде, ананың рөлі тақырыбында баяндама жасады. Форумда бірқатар аналар «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы А.Сафималиевтың атынан да «Алғыс хаттарға» ие болды.

    Әрбір ана бақытты, әрбір отбасы берекелі, әрбір бала тәрбиелі болса – еліміздің болашағы да жарқын болмақ. Форум спикерлерінің басты тұжырымы осы болды.

    Форум соңы барша қатысушылар қосыла шырқаған «Ана туралы жыр» әнімен аяқталды.