Аға буын – қоғамның ақылшысы

Аға буын – қоғамның ақылшысы

Өркениет көшіндегі өрелі жұрттың қариясы да қадірлі болатыны рас. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін қазақы таным-түсінікте үлкенді құрметтеп, төрден орын беру – бұлжымас қағида. Осы орайда, мейірбандық айлығы аясында Орда ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен Хан Ордасы ауылы мен елді мекендерінде тұратын қарияларға арналып дастархан жайылды. Шараға арнайы келіп аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков  қатысты.

Кездесуде сөз алған аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы қарияларды мерекелерімен құттықтап - «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Бүгінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосуда. Сол себепті, ардагер аға-апаларымызға үлгі болар өнегелі істері үшін шексіз алғысымды білдіремін, тілегін жеткізіп, басқосуыдың өтуіне демеушілік танытқан Рауан Мұхамбетшинге «Алғыс хат» табыстады.

Отырысқа жиналған үлкендер ән салып, би билеп, ұйытқы болған ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, әдемі көңілде тарқады.