ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ - АКТИВ ЖИЫНЫНА АРҚАУ

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ - АКТИВ ЖИЫНЫНА АРҚАУ

   

    Бүгін активтің кезекті отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

   Аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжановтың төрағалығымен онлайн-оффлайн форматта өткен отырысқа аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева және аудандық мәслихат депутаттары мен мекеме басшылары қатынасты.

    Актив отырысында сала басшылары Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша сөз алды.

   Сөз кезегін алған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуов пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне алу, қайтарылған жерлерді айналымға енгізу арқылы шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлік саланы қолдауға бағытталған «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» бағдарламаларының жүзеге асуы, сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы бойынша сөз алды. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова аудан кәсіпкерлерін цифрлық технологияны қолдануға жетелеу, жасырын кәсіпкерлік нысандарын тіркеу, шағын және орта бизнес субъектілерінде жалдамалы қызмет атқарып жүрген азаматтарды тіркеу, салық базасын нығайту бағыттары бойынша ойын баяндады.

  Аудандағы жұмыссыздық жай-күйі, масылдықты жою, тұрмысы төмен, табысы аз отбасыларды мемлекеттік бағдарламаларға бағыттау, жаңа бизнес иделарды іске асыру гранттар беру шаралары бойынша сөз алған аудандық мансап орталығының директоры Исатай Оз өз саласы бойынша атқарылатын іс-шара легімен таныстырып өтті.

    Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығы директорының міндетін атқарушы Гүлмару Мырзағалиева Жолдауда көтерілген ішкі туризмді дамыту мәселесі бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде Хан ордасы музей-қорығының жұмысын жетілдіру, туристерді тарту бағытындағы жұмыстар, тарихи жәдігерлерді цифрландыру мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.

    Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов округ әкімдеріне Жолдаудың еліміздің даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат екенін айтып, түсінік жұмыстарын жүргізуді, сала басшыларына. Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды орындау мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірлеп, бекітуді тапсырды.

    Аудандық «Орда жұлдызы» газетінде жыл аяғына дейін қоғамдық өмір басшыларының пікірлері жарық шығып отыруы қажет деген тапсырма да берілді.