1 шілдеден бастап Сенат және Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, халықтың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселерді шешу үшін халықпен кездесуді бастауда. Бүгін ауданымызға арнайы іс-сапармен Астана қаласынан бірнеше мәртебелі меймандарымыз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді. Атап өтсек, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық қеңесінің төрағасы Бақтықожа Салахаденұлы Ізмұхамбетов, осы комитеттің мүшесі Ерболат Байұзақұлы Саурықов, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Темірғалиұлы Құспан, сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов бар.
Сапар барысында мәртебелі меймандар еркін форматта аудан тұрғындарымен кездесіп, елдік мәселелерге қатысты жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, аталмыш жиынға аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева және аудандық мәслихат депутаттары Жалғас Ташуов пен Қайрат Насимуллиндер де қатынасып, сайлаушыларының көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.