Бөкей ордасы ауданының білім беру бөліміне 17 мектеп бар. Оның 9-ы орта мектеп, 8-і бастауыш мектеп. Солардың бірі, бала санына байланысты мәселесі жыл сайын қайталанып тұратын Бисен ауылдық округінің Жиекқұм ауылындағы Т.Масин атындағы орта мектеп. 2024-2025 оқу жылын 76 оқушымен тәмамдаған. Білім ұясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 бұйрығына сай, бала аздығына байланысты орта мектеп қатарына жатқызуға қайшы келуі. Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінде «Кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда, мемлекеттік жалпы орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі», - делінген. Яғни, негізгі мектеп қатарына көшуі қажет. Мектептің санаты өзгерсе, штаттық қысқарту да, соған сәйкес ауылдағы халық санының тұрақтап қалуына да кедергі келтірмек.
Аталмыш өзекті мәселені білу мақсатында ҚР Парламентінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев Жиекқұм ауылындағы мектепке барып, жай-күйін көріп, тұрғындармен тілдесті. Күрделі мәселені аудан әкімінің міндетін атқарушы Кенесары Нуршинов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы ЖалғасТашуов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова таныстырды.
Мектеп ұжымы, ауыл тұрғындарымен кездескен халық қалаулысы өз кезегінде халықтың қойған сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта шекаралық аумаққа жататын аудандардың мектеп, басқа да әлеуметтік обьектілеріне қатысты арнайы заң қабылдау немесе қолданыста заңнамаларға өзгерістер енгізу бағытында жұмыстанатындығын жеткізді.