Хан Ордасы ауылында ағымдағы жылдың 1 шілде күні Орда орман шаруашылығы мекемесінің ұжымымен кездескен ҚР Парламентінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев дәл осылай деді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевті және мейманды қарсы алушылар аудан әкімінің міндетін атқарушы Кенесары Нұршинов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жалғас Ташуовты Орда орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Артур Ғазезов Орда орманшыларының бүгінгі тірлігімен таныстырып өтті.
Орман инспекторы Ерсұлтан Сәрсемалиев орманшы мамандығына да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспана алу қолжетімді болса екен деген тілегін айтса, тағы бір орман инспекторы Ербол Кадимов Жәнібектегі академбақтың 800 гектарына бір ғана жауапты қызметкер барын айтты.
- Орман мәселесіне ресейлік көршілеріміз мән беріп, маңызды мәселелер шешіп берген. Штат толық, жұмыс орны да қазіргі заман талабына сай жасақталған. Ал, бізде академиялық бақты бағалы санамаймыз, - деп Ербол Кадимов Жәнібектегі бөлімшеге қосымша штат бөліп, тиісті техникамен қамтамасыз етсе деген тілегін жеткізді.
Орманшылар базынасын тыңдап, өрт сөндіру жасағымен танысқан Нартай Аралбайұлы:
- Орман- ел байлығы. Біздің аудандағы орманның жөні бөлек. Хан Жәңгірден қалған мұра ретінде тарихи маңызға ие. Көшке тосқауыл сексеуіл, жыңғыл-шеңгілі, ыстықта сая қарағайы бар қалың орманды сиретпеуіміз керек. Елге орман керек. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Ұрпақтан- ұрпаққа мұра боп қалатын орманның қорушысы, сақтаушысы сіздерге, орманшыларға қолдау керек. Өз тарапымнан сіз көтерген мәселенің оңтайлы шешілуіне бар күшімді салатын боламын, - деді Нартай Аралбайұлы.