ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЛЕРГЕ БАҚЫЛАУ ЖАСАЛДЫ

ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЛЕРГЕ БАҚЫЛАУ ЖАСАЛДЫ

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елемесов бастаған кеңес мүшелері Жасұлан Хайрушев және Жалғас Әшенов жазғы лагерьлердің жұмыс барысын тексеріп шықты. Қазіргі таңда аудан орталығында «Арай» туристік-сауықтыру лагері мен М-С.Бабажанов және М.Мәметова атындағы мектепшілік лагерьлер үшінші маусымға қадам басты. Лагерьлер жанынан үйірмелер мен түрлі секциялардың жұмысы ұйымдастырылып, тарихи орындарға экскурсиялар мен танымдық саяхаттар да өткізіледі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері іске қосылып тұр.

«Арай» лагерінде тынығып жүрген балалардың көңілдері де, тамағы да тоқ. Жайлы жатын бөлмелері мен 5 уақыт тамақ мәзірімен қоса, бассейн мен спорттық ойындарды өткізуге арналған құрал-жабдықтары да жетерлік. Айта кетелік, үшінші маусымда әр ауылдық округтен келген 35 бала демалуда. Сол секілді мектепшілік «Бірлік» және «Болашақ» лагерьлерінің өрендері де демалыстарын көңілді өткізуде. Оқушылар гипстен түрлі мүсіндер жасап, робототехника негіздерін үйреніп, т.б шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктері және бар. Кітап оқуды әдетке айналдырған демалушылар үшін де коворкинг орталығы жұмыс жасап тұр.