Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда 22 жаңа мектеп бой көтерген

Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда 22 жаңа мектеп бой көтерген

 

Батыс Қазақстан облысында 2023-2024 жылдары 22 жаңа орта мектеп бой көтерді.

2023 жылы жылы 16 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 2024 жылы жаңа 6 мектеп салынып, аяқталуда. Сонымен бірге, 2025 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында  6 мектептің құрылысы жалғасын табады.

Сондай-ақ, келер жылы КПО Б.В. компаниясының әлеуметтік инфрақұрылымдық міндеттемелері аясында 8 мектептің құрылысы жүргізіледі.

Сонымен қатар, екі жыл ішінде облыс бойынша 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ал, 2025 жылы 5 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 

Облыс мектептеріндегі химия, физика кабинеттерін жабдықтау бойынша былтырғы жылы 60 кабинет, биылғы жылы 160 кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.  Аталған білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3 млрд. теңге қаражат бөлінді.

Осы атқарылған жұмыстар облыстағы үш ауысымды және оқу орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі білім саласын дамыту бағытында мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі –  жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау. Осы бағытта облысымызда жаңа мектептер салынып, білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өңірде кадрларды даярлау мәселесіне де баса назар аударудамыз. Өткен екі жылда жергілікті мектеп түлектеріне облыстық бюджеттің қаржысына 141 бакалавриат, 27 резидентураға оқу гранттары бөлінді» - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

 

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі